Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге ҚҚС көтерілмейді

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге ҚҚС көтерілмейді

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметтегі брифингте түсіндіргендей, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге салық жүктемесін арттыру әлі жоспарланбаған.

«Ауыл шаруашылығы үшін біз ҚҚС көтеру бөлігінде жағдайды өзгертпейміз», — деген Серік Жұманғарин елімізде түрлі салық режимдері бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, жылдық жиынтық табысы ҚҚС-ның қазіргі шегінен аспайтын кәсіпорындар бұл салықты төлемейді.

Қазір әр сала үшін салық жүктемесінің коэффициентін енгізу туралы ұсыныс талқылануда. Бұл ұсыныс Үкімет жақын арада Парламентке енгізетін Салық кодексіне түзетулер жобасында көрініс табуы мүмкін.

Сонымен қатар, вице-премьер көлеңкелі экономиканың басым бөлігін ауыл шаруашылығы мен сауда иеленетінін атап өтті. Бизнестің көлеңкеге түсуіне жол бермеу үшін үкімет қаржыландырудың тиімді құралдарын ұсынады. Оның ішінде, ҚҚС түсімдерін даму бюджетін ұлғайтуға бағыттау жоспарлануда, ол өз кезегінде экономиканың нақты секторына бағытталатын болады.

«Біздің даму институттары аз қаржыландырылады. «Даму» қорында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, инженерлік коммуникация инфрақұрылымын орнатуға қаражат жетпейді делік. Аграрлық несие корпорациясына жеткілікті қаржы бөлеміз», – деді Серік Жұманғарин.

Ол мемлекеттік қолдаудың ұсынылған шаралары көлеңкелі экономиканы қысқартуға ықпал ететінін атап өтті.

«Біз даму институттарын капиталдандыруды, белгілі бір бағыттар бойынша бюджеттік несиелер беруді, сондай-ақ бизнеске қаржылық емес көмекті, оның ішінде оқытуды ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бірақ оның орнына біз кәсіпкердің белгілі бір салық жүктемесіне жауап беруін сұраймыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.