Атырау облысында қант зауыты салынбақ: инвестор — қытайлар

Атырау облысында қант зауыты салынбақ: инвестор — қытайлар

«Goldbridge International Company» ЖШС басшысы Лина Тайкен Атырау облысында қант өндірісін қолға алмақ, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Серіктестік басшысы Лина Тайкен жылына 144 мың тонна қант өндіретін зауыт салуды көздеп отырғандарын айтты.

«Жоба тек облыстың ғана емес, жалпы еліміздің қантқа деген қажеттілігін өтеуге арналған. Қытайдың жетекші қызылша ашытқы компаниясымен тәжірибе алмасып, олардың технологиясын жан-жақты зерттедік. Олар біздің жобамызды қолдады және инвестицияның 80%-ын салуға дайын. Біздің жобаны Атырау облысында жүзеге асыру бір жарым жылға созылады. Ресми құжаттар дер кезінде дайын болса, зауытты 2026 жылдың жазында іске қосып, қанттан бөлек тағы төрт түрлі өнім шығарамыз. Осы мақсаттарға жер телімін беруіңізді сұраймыз», – деді Л.Тайкен.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов бүгінде қанттың 90%-ы өзге елдерден әкелінетінін атап өтті. Өңір басшысы Goldbridge компаниясы ұсынған жобаны қолдап, қажетті қолдау көрсететініне сендірді.

«Біз үшін бұл қажетті әрі тиімді жоба. Атыраудың жерлері қызылша өсіруге қолайлы. Осындай жобалардың арқасында ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына жол ашатынымызға сенімдімін. Біз өз тарапымыздан қажетті инфрақұрылымды беруге дайынбыз», — деді С.Шәпкенов.

Сөз соңында өңір басшысы жер телімін беру нұсқаларын қарастырып, үшжақты меморандум жасау үшін қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды.