Атамекен кәсіпкерлер палатасы ҚҚС-ны көтеруге қарсы

Атамекен кәсіпкерлер палатасы ҚҚС-ны көтеруге қарсы

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов палатаның кеңейтілген отырысында салық реформасы бойынша бизнестің жалпылама ұстанымымен таныстырды. Ол бизнес үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру және осы салықтың шекті мәндерін төмендету туралы ұсынысын қолдамайтынын мәлімдеді.

«Бизнес ортада қатты талқыланып жатқан тақырыпқа – ҚҚС мөлшерлемесіне ерекше назар аударғым келеді. Біз мөлшерлеменің көтерілуін есептеулермен негіздеу керек деп есептейміз және оның бір реттік 20%-ға дейін көтерілуіне қарсымыз», — деді Райымбек Баталов.

Сондай-ақ, ол кәсіпкерлер қосылған құн салығы бойынша шекті 15 млн теңгеге дейін төмендетуге қарсы екенін мәлімдеді.

«Бизнестің табыстылығы мен өсу қарқынына, әсіресе әкімшілік күрделіліктің жоғарылауы жағдайында оның салдарын талдау маңызды. Сонымен қатар, біз арнаулы салық режимін қолдану лимитін азайту туралы ұсыныспен келіспейміз», — деп атап өтті ҰКП басшысы.

Бұл ретте «Атамекен» Ұлттық палатасы өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында жұмыс берушінің әлеуметтік салықты және міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жұмыс берушінің еңбекақы қорына салық жүктемесін азайтуды ұсынып отыр.