Астықты Қара теңіз бен Балтық теңізіне жеткізуге 30 млрд теңге субсидия беріледі

Астықты Қара теңіз бен Балтық теңізіне жеткізуге 30 млрд теңге субсидия беріледі

Биыл Қазақстан рекордтық көрсеткішке жақын астық жинады. Бұл көлемді Қазақстан үшін дәстүрлі нарықтарға сату мүмкін болмайды. Сондықтан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қара және Балтық теңіздері порттары арқылы экспорттау үшін көлік шығындарына субсидия енгізу туралы ұсыныс болды. Субсидияларсыз порттарға жеткізу өндірушілер үшін экономикалық тұрғыдан мүмкін болмайды.

Ұсыныс бірнеше ай бойы талқыланып, ақыры мемлекеттік қолдау тапты. 2 желтоқсанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік өнімдерін тасымалдауға байланысты шығындардың құнын төмендетуге субсидиялар төлеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын жариялады.

Жобаға сәйкес, ереже шеңберінде астық тасымалдауды көліктік экспедиция шарты негізінде бірыңғай оператор ұйымдастырады. Субсидияларды алғанға дейін және тасымалдауды бастамас бұрын жеткізуші бірыңғай операторға жүкті тасымалдаудың толық құнын төлеуге міндетті. Толық процедура мен құжаттар тізімін мына жерден табуға болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, үкімет субсидиялаудың бұл түріне республикалық бюджеттен 30 млрд теңге бөледі. Тасымалдау құнын төмендету астықтың тоннасына 20 мың теңге есебінен жүзеге асырылады. Экспортты субсидиялау 1,5 млн тонна астықты экспорттауға мүмкіндік береді.