2024 жылдың қорытындысы бойынша, Астана су қоймасындағы су сапасы төртінші санат деп бағаланған. Мұндай суларды тек суару және өндірістік қажеттіліктер үшін қолдануға болады. Бұл суды шаруашылыққа және ауыз су ретінде пайдалану үшін су алу орындарында жан-жақты дайындық жүргізу қажет делінген «Қазгидромет» РМК-нің қоршаған орта жағдайы бойынша бюллетенінде.
Астана су қоймасындағы судың төртінші санатқа жатқызылуының себебі: онда 5,467 мг/д3 концентрациясында қалқыма заттар табылды. Қалқыма заттар деп табиғи және антропогендік шығу тегі бар қатты бөлшектерді айтады. Бір жағынан, бұл лай, құм, саз болуы мүмкін. Екінші жағынан, ағынды суларды тазарту кезінде пайда болатын металл гидроксидтерінің үлпектері, асбесттің, әйнек талшықтарының және базальттың бөлшектері. Қалқыма заттардың концентрациясы судың лайлану деңгейін де анықтауға мүмкіндік береді.
«Қазгидромет» РМК Қазақстандағы су объектілерін су сапасы бойынша бірегей классификацияға сәйкес соңғы алты жыл бойы бағалап келеді. Осы уақыт аралығында Астана су қоймасының суы тек бір рет, 2019 жылы, екінші санатқа жатқызылды (санат неғұрлым жоғары болса, сапасы соғұрлым жақсы). Қалған уақытта үшінші санат болды, әрине, 2024 жылды санамағанда. Бұл ретте 2020-2023 жылдар аралығында негізгі ластаушы зат ретінде магний тіркелді: оның концентрациясы 22,6-дан 28,9 мг/дм³ аралығында болды.
Астана су қоймасы елорданы ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз ететін негізгі су көзі. Гидротехникалық ғимараты 1970 жылы салынып қойған. Алғаш рет түбін тазалау жұмыстары 2023 жылы басталды. Сол кезде су қоймасының 30%-ын лай мен құм алып жатты. Тазалау жұмыстары он жылға созылуы мүмкін деп болжанды: климаттық жағдайларға байланысты мұндай жұмыстарды бір жылда тек бес ай бойы жүргізуге болады. Сонымен қатар Сәтпаев атындағы каналдан Есіл өзенінің арнасына су тарту арқылы су қоймасын қосымша толтыруға арналған құрылыстардың ЖСҚ-сы әзірленіп жатты.