Ақпанда Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 13%-ын немесе күніне шамамен 30 млн АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлайды.
Ұлттық Банк республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша наурызда Ұлттық қордан 700 млн АҚШ долларынан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
Қаңтарда Ұлттық Банк монетарлық бейтараптыққа қол жеткізу үшін отандық алтын өндіруші кәсіпорындардан алтын сатып алу нәтижесінде теңге эмиссиясына балама көлемде АҚШ долларын ішкі валюта нарығында сатуды көздейтін тепе-теңдік тетігін енгізу туралы шешім қабылдады. Ақпанда тепе-теңдік операциясы аясында 250 млрд теңге алынды. Наурызда осы мақсатта шамамен 250 млрд теңге баламасында валюта сатылады деп күтілуде.
Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ тепе-теңдік тетігін іске асыру сәтінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді.
Ұлттық Банк ақпанда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату жөнінде норма енгізілетінін ескере келе, Ұлттық Банк осы ақпаратты жариялауды қайта қолға алады. Осы норма аясында өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сату көлемі шамамен 274 млн АҚШ долларына пара-пар болды.
Өткен жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңімен 40%-ға дейін жеткізілді. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігін шетелдік нарықтарға инвестициялау арқылы әртараптандыру және арттыру мақсатында Ұлттық Банк валюталық үлесті шамамен 40% деңгейінде қолдауды жоспарлап отыр. Теңге бағамының нығаюына, сондай-ақ зейнетақы жарналарының түсуіне байланысты БЖЗҚ зейнетақы активтерінің ағымдағы валюталық үлесі 40%-дан төмен деңгейге дейін төмендеді.
Осыған байланысты Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліне АҚШ долларын сатып алуды қайта бастайды. Наурызда сатып алуға қатысты жоспарлы көлем 250 млн АҚШ долларынан аспайды. Валютаны сатып алу нарықтық конъюнктураға байланысты жүзеге асырылады. Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарушы ретінде ұзақмерзімді кезеңде нақты кірістілікті алуды және оның сақталуын қамтамасыз етуді басты назарда ұстайтынын айта кеткен жөн.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін қолайлы бағам белгілеу режимін ұстана береді.