Алтын тағы қымбаттап, унциясы 3,4 мың долларға жетті

Алтын тағы қымбаттап, унциясы 3,4 мың долларға жетті

Доллар құлдырап, алтын шарықтады: индекс 98-ге түсіп, алтын 3400 долларға жетті.

Батыс қор нарығы ұзақ демалыстан кейін қайта ашылды, бірақ жаһандық сауда соғысының шешілуіне қатысты ешбір оң белгі байқалмады.

Демалыс күндері АҚШ-та қазіргі әкімшілікке қарсы жаппай наразылықтар өтті. Ал бүгін таңертең Қытай АҚШ-пен жаңа сауда байланысын орнатуға тырысқан елдерге қатаң ескерту жасады деген ақпарат тарады.

Бүгін сауда сессиясының басында доллар индексі 98-ге дейін құлдырады, ал алтын унциясы 3400 доллар деңгейіне жақындады.

Чикаго ФРБ басшысы Остан Гулсби орталық банктер саясатқа тәуелді елдерде инфляция жоғары, экономика баяу дамиды, ал еңбек нарығы әлсіз болатынын атап өтті.

Bloomberg дерегінше, Трамп әкімшілігі өзге елдерге Қытаймен саудаға шектеу қоюды талап етпек. Қытай мұндай әрекеттерге қарсы жауап шараларын қабылдайтынын және бұл мәселеге байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бейресми отырысын шақыратынын мәлімдеді.

Нарық АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімін тағатсыздана күтуде, алайда нақты ілгерілеу байқалмайды.

Ресей мен Украина майданында Пасха бітімінен кейін қақтығыстардың қайта басталғаны хабарланды.