Әлеуметтік көмек алғысы келетіндердің есепшоты тексеріледі

Әлеуметтік көмек алғысы келетіндердің есепшоты тексеріледі

Банктер атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген қазақстандықтардың шығындарын тексереді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.

«Атаулы әлеуметтік көмек бойынша көп жұмыс атқарылды және білесіздер, бұл мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз тек кірісті ғана емес, сонымен бірге шығынды да есепке аламыз. Бүгінде бұл әдістеме бұйрық арқылы бекітілген, сонымен қатар біз банктік құпияға қол жеткізуге өтініш берушілерден келісім алу механизмін енгіздік. Біз барлық екінші деңгейдегі банктер осы платформада ақпаратты цифрлық түрде береді деп күтеміз», — деді Жақыпова.

Оның айтуынша, цифрландыру АӘК мақсатты пайдалану мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Соның арқасында 2024 жылы 40 млрд теңге үнемделіп, бюджетке қайтарылды. Нәтижесінде көмекке мұқтаж жандарға ғана көмек көрсетілді.

«Бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмекті 228 мың адам алса, өткен жылдың осы кезеңінде 330 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды. Өйткені жүйелі жұмыс жүргізілуде», — деді министр.