Әлемдік нарықтың заңдылығы: байыған ел шикізат сатпайды, оны өңдейді

Әлемдік нарықтың заңдылығы: байыған ел шикізат сатпайды, оны өңдейді

Автор: Ақсұлу Саңғали

Еліміз экономиканы әртараптандыру, экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында нақты қадамдар жасап келеді. Бұл тұрғыда, Қазақстан көбіне шикізатты экспорттайтын, ал оны өңдеп, бренд жасап, қымбатқа сату міндеті басқа елдердің үлесінде болған.

Дегенмен шикізат сатудан, дайын өнімді экспорттау шынайы табыс көзі. Мысалы, Швейцария какао дәнін емес, әлемге әйгілі шоколадын ұсынады. Тайланд каучукты шикізат күйінде емес, шина мен резеңке бұйым ретінде экспорттайды.

Елімізде соңғы жылдары бұл бағытта өзгеріс байқалады. Шикізатты ел ішінде өңдеп, оны дайын өнім түрінде сыртқа шығаруға бағытталған жобалар қолға алына бастады.

Мәселен, ауыл шаруашылығында. Жыл сайын жиналатын техникалық алма, яғни тікелей сатуға жарамайтын жеміс өңделмей, далада қалып, бұзылып кететін. Себебі оны өңдейтін кәсіпорын жоқ.

Алматы облысында іске қосылған ALPECON GROUP агроөнеркәсіптік кластері осындай жаңа бағыт. Бұл жеміс-көкөніс шырындарының концентраттын, пюре мен пастаны өнеркәсіптік ауқымда шығаратын еліміздегі тұңғыш кәсіпорын.

Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 70 мың тонна шикізат, дайын өнім көлемі жыл сайын 13 мың тоннадан асады. Бұрын далада қалып, кәдеге жарамай қалатын алма енді сапалы әрі бәсекеге қабілетті экспорттық тауарға айналады.

«Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы түбегейлі жаңа өндірістік экожүйе қалыптастырады. Біз отандық өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығын құрамыз, шикізатты Қазақстанның өзінде өңдейміз, бақшадан бастап халықаралық тұтынушыға дейінгі экспортқа бағытталған тізбек қалыптастырамыз», — дейді ALPECON GROUP бас директоры Самат Балабеков.

Жобаның алғашқы кезеңіне 9,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды, оған Қазақстанның Даму Банкі мен «Даму» қоры қолдау көрсетті. Жобаның халықаралық серіктесі – Göknur Gıda (Түркия). Тараптар 10 жылдық экспорттық келісімшарт пен технологиялар трансфері туралы келісімге келді.

Зауыт 180 тұрақты жұмыс орнын қамтып отыр, қосымша 500-ден астам маусымдық жұмыс орны ашылады.

Кластер дамыған сайын шикізат қабылдау пункттерінің желісі Жетісу өңірінен Түркістан облысына дейін кеңейіп, мыңдаған шаруашылық пен жеке фермерге тұрақты табыс көзі болмақ.

Бұл толық циклді агроөнеркәсіптік кластер ретінде құрылуда. Alpecon AI Ecosystem Platform цифрлық платформасы, мамандарды даярлайтын Alpecon Academy білім беру бағдарламасы бар.

Сондай-ақ елімізде бұған дейін өндірілмеген пектин шығаратын цехтың іргетасы қаланды. 2028 жылы жалпы инвестиция көлемі 93,7 млн доллар, жылдық экспорттық түсім 58,8 млн долларды құрайды деп күтілуде.