Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласы кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, Мемлекет басшысының жаңа қаланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды.
Үкімет басшысы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң жаңа экономикалық даму моделін қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, Alatau City жобасы инвестиция тартудың және экономиканы әртараптандырудың негізгі драйверлерінің біріне айналуы тиіс.
Кеңесте Alatau City Authority ұйымының атқарушы директоры Алишер Абдықадыров қаланы дамыту жоспарын таныстырды. Қазіргі уақытта құқықтық база қалыптастырылып, басқарудың жаңа моделі әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталап шағын аудандарының инженерлік және көлік инфрақұрылымы жаңғыртылуда.
Биылдың соңына дейін 2055 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму жоспары, ал 2040 жылға дейінгі даму стратегиясы мен мастер-жоспар халықаралық ARUP және BCG компанияларының қатысуымен әзірленбек.
Жоба аясында K-Smart City, Alatau AI-Driven City және Alatau Crypto City бастамалары іске асырылады. Олар смарт-қала технологияларын, жасанды интеллектіні, Big Data шешімдерін және Web3 экожүйесін енгізуді көздейді.
Alatau City Authority мәліметінше, бүгінде жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Оларды іске асыру нәтижесінде 51 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Ірі жобалардың қатарында құны 1 млрд доллардан асатын Iconic Complex, сондай-ақ PepsiCo, Mars, Hyundai Green Food өндірістері, Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауыты, AutoFlight және Joby компанияларымен бірлескен қалалық әуе мобильдігі жобалары, сондай-ақ KAIST университетінің кампусы бар.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Alatau City Authority туралы ереже бекітіліп, ұйым арнайы құқықтық режимді іске асыратын мемлекеттік орган ретінде қайта құрылатын болды. Сонымен қатар Жедел комитет, Реттеуші комиссия және жер қатынастары жөніндегі уақытша комиссия құру туралы шешім қабылданды.
Премьер-министр мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority-ге Алатау қаласын дамыту бағытындағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.