Alatau City Bank банк секторын қолдау бағдарламалары аясында шығарылған 125,3 млрд теңге көлеміндегі облигацияларды мерзімінен бұрын өтейді. Мемлекеттік қолдауды ішінара мерзімінен бұрын қайтару туралы шешімді банк директорлар кеңесі 29 маусымда қабылдады.
Бұл — банктің соңғы жылдардағы мемлекетке жасаған үшінші мерзімінен бұрынғы төлемі. 2024 жылы қаржы институты 100 млрд теңгені қайтарса, 2025 жылы тағы 50 млрд теңгені өтеген болатын.
Банк директорлар кеңесінің төрағасы Қуат Қожахметов бұл шешім банктің тұрақты қаржылық жағдайы мен капиталдандыру деңгейінің жоғары болуының арқасында мүмкін болғанын мәлімдеді.
Alatau City Bank елдегі ең ірі банктердің қатарына кіреді. Активтер көлемі бойынша ол нарықта алтыншы орында, ал меншікті капитал көлемі бойынша Қазақстан банктері арасында үшінші орында тұр.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Alatau City Bank-тің өзекті берешегі 950,2 млрд теңгені құрайды. Осылайша, кезекті транштан кейін қайтарылуы тиіс қарыз көлемі 7,6%-ға қысқарып, 824,9 млрд теңгеге дейін азаяды.
Еске салсақ, 2018 және 2019 жылдары Проблемалық кредиттер қоры Цесна Банктен (Alatau City Bank-тің бұрынғы атауы) 1,05 трлн теңге көлеміндегі ауыл шаруашылығы несиелерін сатып алған болатын. Бұдан бөлек, АТФБанкті сатып алу аясында (2020 жылдың соңында) Jusan Bank (Alatau City Bank-тің бұрынғы атауы) «Самұрық-Қазынадан» субординацияланған облигациялар шығару арқылы 100 млрд теңге алған.
Кәсіпкер Вячеслав Ким Alatau City Bank-ті 2025 жылдың шілдесінде сатып алды.