Freedom Банкі Compliance бағытында тәулік бойы жұмыс істейтін 134 жасанды интеллект агентін пайдаланады. Олар транзакцияларды бақылап, есірткі саудасы мен алаяқтыққа қатысты күдікті операцияларды анықтап, қажетті ақпаратты мамандарға ұсынады. Бұрын алаяқтыққа қатысты бір істі зерттеуге екі апта кетсе, қазір AI көмегімен қажетті деректерді бірнеше минутта жинауға болады. Алайда күдікті операцияға қатысты түпкілікті шешімді адам қабылдайды. Бұл туралы Digital Bridge халықаралық форумы аясында өткен Freedom Банкінің «Қаржыдағы AI-агенттер: шешімді кім қабылдайды – адам ба, алгоритм ба?» тақырыбындағы панельдік сессиясында айтылды.
Адам ба, алгоритм бе?
Freedom Банкі Басқарма төрағасының digital жобалар жөніндегі кеңесшісі Айнұр Темірханқызының айтуынша, банк жасанды интеллектіні бес жылдан астам уақыттан бері қолданып келеді. Алғашында машиналық оқыту модельдері несиелік скорингте, цифрлық ипотека мен автонесие беру кезінде жылжымайтын мүлік пен көлікті бағалауда пайдаланылған. Кейін AI клиенттерге қызмет көрсету процесіне енгізіліп, чат-боттар мен байланыс орталығының жұмысын автоматтандыруға көмектесті. Соңғы жылы банк жасанды интеллектіні ішкі процестерге енгізуге басымдық берген. Қазір AI-агенттер Compliance мамандарына, заңгерлерге, несие әкімшілерге және HR бөлімдеріне көмектеседі. Банктің жоспары бойынша бұл тәжірибені басқа бөлімдерге де тарату көзделген.

«Біз агенттерге қызметкерлердің уақытын алатын қайталанатын жұмыстарды сеніп тапсырамыз. Мысалы, олар әртүрлі жүйелерден ақпарат жинап, транзакциялық белсенділікті бақылайды. Күдікті белгілер анықталса, Compliance-бақылаушыға хабарлама жібереді. Ал маман сол ақпаратты тексеріп, тиісті шара ұсынылады. Соңғы шешімді әрдайым адам қабылдайды», – деді Айнұр Темірханқызы.
Банк өкілдерінің айтуынша, compliance жүйесіне қатысты бағдарламалық шешімдерді әзірлеу кезінде тоғыз ай бойы деректерді ретке келтірген. Өйткені әр міндетті орындау үшін қажетті деректер мен көрсеткіштер нақты белгіленуі керек. Банк қызметкерлері де агенттерге дұрыс тапсырма беріп, олардың нәтижелерін тексеруді үйреніп жатыр.
«Күмәнді схемалар дәлелденуі керек»
Freedom Bank-тің бас комплаенс-бақылаушысы Әсел Сүлейменованың айтуынша, банк классикалық ережеге негізделген мониторингтен мінез-құлықтық талдауға қарай көшіп жатыр. Яғни жүйе тек бір транзакцияға емес, клиенттің бұрынғы әрекетімен салыстырады.

«Бұл тәсіл, соның ішінде дроп-карталарды, күмәнді ақша қозғалысын және қалыптан тыс операцияларды ертерек анықтауға көмектеседі. Ол банктегі AI-платформаның жұмысын үш кезеңге бөлді: алдымен жүйе күмәнді жағдайды анықтайды, кейін қажетті ақпаратты жинап, себебін түсіндіреді, ал соңғы шешімді адам бекітеді», – деді Әсел Сүлейменова.
ҚР ҚМА департаменті басшысының орынбасары Санжар Аккисев те AI-ді қаржылық қылмыстарды анықтауда қолдану мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллект транзакциялар арасындағы байланысты, клиенттің мінез-құлқындағы өзгерістерді және кей күдікті әрекеттерді анықтауға көмектеседі. Спикер алгоритмдердің түсіндірмелі болуы маңызды екенін атап өтті. Яғни жүйе тек «бұл операция күмәнді» деген белгі қоймай, оның неліктен күмәнді екенін де көрсетуі қажет. Ол үшін қандай индикаторлар мен типологияларға сүйенгені түсінікті болуы керек деген ойды жеткізді.

«Мен қандай да бір алгоритмге немесе AI-агентке шешім қабылдауды ешқашан сеніп тапсырмас едім. Өйткені кез келген шешімді адам қабылдауы керек. Әсіресе клиентке қызмет көрсетуден бас тарту, банк картасын немесе басқа да қаржы құралдарын бұғаттау сияқты маңызды мәселелерде түпкілікті шешімді міндетті түрде адам қабылдауы қажет», – деді Санжар Аккисев.
AI-агенттерді де реттеу қажет
Ал ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Әбілқасымовтың сөзінше, AI-агенттерді реттеу үшін алдымен олардың қалай жұмыс істейтінін, қандай мақсат көздейтінін және қандай міндеттер атқаратынын түсіну қажет. Оның айтуынша, қаржылық қадағалау кезінде шешімнің нәтижесі ғана емес, оның қалай қабылданғаны да маңызды. Әсіресе клиенттердің құқықтарын қорғау, қызмет көрсетудегі әділдік, кемсітушілікке жол бермеу және қаржылық қызметтердің ашықтығы ескерілуі керек.

«Біздің міндетіміз – тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық қызметтердің әділ көрсетілуін қамтамасыз ету. Адам агентке белгілі бір деңгейде сенім білдіріп, қандай шешімдерді өз бетінше қабылдай алатынын, қандай сомамен немесе қандай операциялармен жұмыс істей алатынын белгілейді. Мұндай тәсілді human-in-the-loop, яғни шешім қабылдау процесіне адамның қатысуы деп атайды», – деді Тимур Әбілқасымов.
Ұлттық банк үш AI-агент әзірлеп жатыр
Қазақстан Ұлттық банкінде де жасанды интеллектіні ішкі процестерге енгізу жалғасып жатыр. Ұлттық банктің Цифрлық трансформация департаментінің директоры Айжан Аринованың айтуынша, биыл қаңтарда банк өз серверлері мен қорғалған GPU-кластері негізінде ішкі жасанды интеллект платформасын іске қосқан. Қазір қызметкерлердің күнделікті жұмысында қолданылатын онға жуық AI-шешім енгізілген. Болашақта бұл құралдарды банктің еншілес ұйымдарына да тарату жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ұлттық банк ақша-несие саясатын талдауға арналған виртуалды кеңесші әзірлеп жатыр. Оның құрамында үш AI-агент жұмыс істейді.

«Олардың екеуі бір мәселені әртүрлі тұрғыдан талдайды. «Dove» ақша-несиесаясатын жұмсарту мүмкіндіктерін қарастырса, «Howk» саясатты қатаңдату қажеттігін талдайды. Үшінші агент – «Judge», екі агенттің дәлелдерін салыстырып, ортақ қорытынды ұсынады», – деді ол.
Бұл жүйеде адамның бақылауы сақталады. Яғни AI бірнеше нұсқаны талдап, қорытынды дайындағанымен, соңғы шешімді адам қабылдайды. Айжан Аринова мұндай жүйелерде шешім қабылдау логикасының түсінікті болуы маңызды екенін атап өтті. Мамандар AI қандай деректерге сүйенгенін және қорытындыға қалай келгенін тексере алуы керек. Ұлттық банк үшін де AI енгізудегі негізгі шарттардың бірі – деректердің сапасы. Сондықтан технологияны кеңінен қолданбас бұрын деректерді жүйелеуге, олардың сапасын бақылауға және бірыңғай аналитикалық орта қалыптастыруға басымдық берілгенін атап өтті.
AI адамның атынан төлем жасай ала ма?
Қазақстан және Орталық Азиядағы Mastercard бас директоры Санжар Жамалов цифрлық инфрақұрылымның дамуы AI-агенттерді қаржы жүйесіне енгізуге жаңа мүмкіндік беретінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстанда мемлекеттік қызметтер, қаржы және телекоммуникация салаларындағы цифрлық инфрақұрылым айтарлықтай дамыған. Ендігі міндет осы мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа цифрлық экономиканы қалыптастыру.

Жамалов нақты әрі түсінікті реттеу талаптарының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ережелер инновацияларды тежеу үшін емес, технологиялардың қандай қағидалармен жұмыс істейтінін анықтап, оларға деген сенімді қалыптастыру үшін қажет. AI-агенттерді төлем жүйелеріне енгізу мәселесі де талқыланды. Болашақта агент адамның атынан төлем жасап немесе белгілі бір операцияларды өз бетінше орындай алуы мүмкін. Бұл жағдайда пайдаланушы агентке қандай өкілеттік бергенін алдын ала анықтауы қажет. Мысалы, қандай тауарларды сатып алуға болатынын немесе қанша қаражат жұмсауға рұқсат берілгенін белгілеу мүмкіндігі болуы керек. Сонымен бірге AI-ді алаяқтар да пайдалануы мүмкін. Сондықтан төлемдерді автоматтандырумен қатар, күдікті операцияларды анықтау және олардың алдын алу технологияларын дамыту қажеттігі айтылды.
2027 жылы сақтандыру төлемдерінің 60%-ын AI-агенттер шешеді
Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаевтың айтуынша, компания 2027 жылы сақтандыру төлемдерінің 60%-ын AI-агенттердің шешімі негізінде, адам қатысуынсыз реттеуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде AI-агенттерді енгізу сақтандыру жағдайларын қарау уақытын 32%-ға қысқартқан.

Компанияда алгоритм шешіміне толық сүйенетін агробизнеске арналған параметрлік сақтандыру өнімі де бар. Мұнда спутниктік деректер мен компьютерлік көру алгоритмдері негізінде шешім қабылданып, фермерлерге төлем автоматты түрде жасалады.
«Біздің мақсатымыз 2027 жылы сақтандыру төлемдерінің 60%-ын AI-агенттердің шешімі негізінде, яғни адам қатысуынсыз реттеу», – деді Азамат Керімбаев.
Қорыта айтқанда, Freedom Банкі елдегі қаржы секторында жасанды интеллекті кеңінен қолдана бастады. AI агенттер күдікті операцияларды анықтауға, деректерді талдауға және қайталанатын жұмыстарды автоматтандырғанымен, ақырғы шешімді банк қызметкері қабылдайды. Бұл тұрғыда банк пен реттеушінің ұстанымы ортақ.