Yandex Qazaqstan Алматыда тапсырыстарды дрон арқылы жеткізу бойынша пилоттық жобаны іске қосуға дайындалып жатыр. Жоба қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінің аумағында жүзеге асырылады: дрон Яндекс Лавкадағы тапсырысты арнайы алаңға дейін жеткізеді, сол жерден курьер тапсырысты алып, пайдаланушының есігіне дейін апарады.
Компания жаңа жоба туралы Digital Bridge 2026 халықаралық форумында мәлімдеді.
Тапсырысты Яндекс Go қолданбасындағы Лавка арқылы әдеттегідей рәсімдеуге болады. Егер тапсырыс берілген мекенжай пилоттық жоба аумағына кірсе, жеткізу жолының бір бөлігі әуе арқылы өтеді. Тапсырыс жиналғаннан кейін дрон оны тұрғын үй кешенінің аумағындағы арнайы жабдықталған қону алаңына жеткізеді. Сол жерден тапсырысты курьер алып, пайдаланушының есігіне дейін апарады.
Пилоттық жоба мұндай жеткізу моделінің қала жағдайында қалай жұмыс істейтінін тексеруге және оны алдағы уақытта кеңейту мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік береді.
«Жеткізудің жаңа технологиялары нақты міндеттерді шешуге тиіс: адамдар үшін тауарлар мен қызметтерді қолжетімді етіп, ал бизнеске көбірек клиентті қамтуға және қызмет көрсетудің жаңа тәсілдерін ұсынуға мүмкіндік беруі керек. Дрондар жерүсті жеткізу мүмкіндігі қашықтыққа немесе жолдағы жағдайға байланысты шектелетін жерлерде жаңа логистикалық құралға айнала алады. Біз үшін жергілікті серіктестермен бірге Қазақстан нарығына бейімделген әрі қазақстандық бизнеспен бірге ауқымын кеңейте алатын шешім жасау маңызды», — деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.
Ұшуды қажетті рұқсаттар мен келісімдер алынғаннан кейін ұшқышсыз әуе құралдарының мамандандырылған операторлары орындайды. Маршруттар қауіпсіздік талаптары мен әуе кеңістігінің ерекшеліктері ескеріле отырып белгіленеді.
Алдағы уақытта Yandex Qazaqstan ұшқышсыз жеткізу технологиясын дайын тағам жеткізу, бөлшек сауда, электрондық коммерция, дәріхана желілері және басқа да логистикалық міндеттер үшін қолдану мүмкіндігін қарастырып отыр. Компания бизнес өкілдерімен, ұшқышсыз жүйелер операторларымен және инфрақұрылым жеткізушілерімен бірлескен пилоттық жобаларды жүзеге асырудв қарастыруға дайын.