Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.
Экономикадағы өсім мен мұнай бағасы
Осы жылдың тамыз айында сауалнамаға қатысқандар барлық болжамдық кезеңде мұнай бағасына қатысты сценарийлік күтулерін жақсартты. 2025 жылға Brent маркалы мұнайдың медианалық бағасы баррель үшін 68,9 доллардан 69,5 долларға дейін көтерілді. 2026 және 2027 жылдары да баға барреліне 69,5 доллар деңгейінде тұрақтанады деп күтілуде (бұрын – барреліне тиісінше 69,0 доллар және 68,5 доллар).
Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны бойынша болжамдар 2025 жылға 5,1%-дан 5,2%-ға дейін, 2026 жылға 4,6%-дан 4,7%-ға дейін жоғары қарай қайта қаралды. 2027 жылға экономикалық өсім 4,4% деңгейінде күтіледі.
Инфляция және базалық мөлшерлеме
Сауалнамаға қатысушылардың 2025–2026 жылдарға арналған инфляциялық күтулері жоғары бағытқа қарай ығыса түсті. 2025 жылы инфляция – 11,3% деңгейінде (бұрын – 11,0%), 2026 жылы – 9,5% (бұрын — 9,0%) болады деп болжанады. 2027 жылы инфляциялық қысымның азаюына байланысты болжам 7,0%-дан 6,5%-ға дейін төмендетілді.
Базалық мөлшерлеме бойынша медианалық мәндер 2025 жылдың соңына дейін 16,5% деңгейінде сақталды. 2026 жылға бұл көрсеткіш 14,0%-дан 14,3%-ға дейін қайта қаралды. 2027 жылы инфляциялық қысымның бәсеңдеуіне байланысты мөлшерлеме 11,8%-дан 11,3%-ға дейін төмендейді деп күтіледі.