Қазақстанда 2024 жылы мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе заң бұзушылықпен берілген 2 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы 2 млн гектар жерді тартып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов.
«2025 жылы біз пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен оларды шаруашылық айналымына тартуға негіз болады», — деді Мұрат Теміржанов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл Қазақстанда көміртегі шаруашылығын дамытудың жол картасы әзірленіп, бекітіледі. Бұл климаттың өзгеруіне қарсы күресте және топырақ құнарлығын арттыруда маңызды қадам болмақ.
Бұл ретте 2024 жылы топырақ құнарлығын қалпына келтіру мен арттырудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Оны жүзеге асыру аясында 2025 жылы жердің тозуымен күреске баса назар аудара отырып, өңірлік жоспарларды бекітуге ерекше көңіл бөлінетін болады.
Парламент сондай-ақ «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын қарауды жалғастырады. Ол топырақты қорғау, оның сапасы мен құнарлы қабатын сақтау мәселелерін реттеуде негізгі құжатқа айналады.
«Бұл бағыттардың әрқайсысы біздің әріптестеріміздің кәсібилігін, жергілікті атқарушы органдармен белсенді өзара іс-қимылды және, әрине, азаматтық қоғамның қатысуын талап етеді. Бірлескен күш-жігер арқылы алға қойған мақсаттарға жететінімізге сенімдімін», – деді Мұрат Теміржанов.