2025 жылы инфляция 10,6% болады — Ұлттық банк

2025 жылы инфляция 10,6% болады — Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Brent маркалы мұнайдың бағасы, ЖІӨ, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрлері болды.

Brent маркалы мұнайдың 2025 және 2026 жылдарға арналған бағасы бойынша болжамдар 1 баррель үшін тиісінше 75,0 және 72,0 АҚШ доллар деңгейінде сақталды. 2027 жылға арналған бағалау көрсеткіші баррель үшін 72,5 АҚШ долларына дейін сәл жоғарыға қарай біршама өзгерді.

Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты бағалаулар 2025 және 2027 жылдарға төмендеді. 2025 жылға арналған болжам 4,9%-тен 4,7%-ке, ал 2027 жылға – 4,5%-тен 4,3%-ке дейін қайта қаралды. 2026 жылға арналған күтулер 4,5% деңгейінде сақталды.

Инфляция бойынша болжамдар барлық болжамдық кезеңде нашарлады. 2025 жылға арналған респонденттердің медианалық бағалауы 8,7%-тен 10,6%-ке, 2026 жылға – 7,0%-тен 9,0%-ке, ал 2027 жылға – 5,8%-тен 6,1%-ке дейін көтерілді.

Инфляцияға қатысты бағалаулар өзгергендіктен, сарапшылардың 2025-2027 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме бойынша күтулері де жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Енді базалық мөлшерлеменің бағалауы бұрынғыдай жылдық орташа мәнмен емес, жыл соңындағы деңгеймен ұсынылатынын атап өткен жөн. 2025 жылдың соңына арналған болжамдардың медианалық мәні – 15,9%, 2026 жылға – 14,3%, ал 2027 жылға – 11,5%.