Премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында биыл рекордтық көлемде, кемінде 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін хабарлады.
Ол бұл нәтижелерге жаңа инфрақұрылымды салудан және ипотекалық несие көлемін ұлғайтудан бастап жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге дейінгі барлық аспектілерді қамтитын бастамалар арқылы қол жеткізілетінін түсіндірді.
«Нақты секторды қаржыландыруды ұлғайтуға бағытталған бастамалар жалпы ішкі өнімнің өсуіне кемінде 2 пайыздық тармақ қосып, биылғы жылы оның айтарлықтай өсуіне алып келеді», — деп толықтырды Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар 2025 жылы инвестициялардың қосымша көлемі Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асырудың басталуының арқасында қамтамасыз етілетінін атап өтті. Инвестициялар көлемі 5 жылда 13 трлн теңгеден асады, бұл ретте биыл инфрақұрылымды жаңғыртуға салынған инвестициялар шамамен 1,2 трлн теңгені құрайтын болады.
«Ұлттық жоба инвестициялардың өсуіне, сондай-ақ жаңа отандық тауарлар мен елдің коммуналдық инфрақұрылымын салу кезінде өнімдері сатып алынатын өндірушілердің пайда болуына ықпал етеді. Ұлттық жобаны іске асыру инфрақұрылымның тозуын азайтуға және оның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.