Жоғары аудиторлық палата 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру қарқынын жеделдету қажет деп санайды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутат сауалына жауабында айтты.
Кешенді жоспардың іске асырылуы Палатаның тұрақты бақылауында. 2025 жылдың басында жоспардың орындалуы 72% болды.
«637 нысанның 460-ы жекешелендірілді немесе таратылды. Бұл – республикалық, коммуналдық меншіктегі нысандар мен квазимемлекеттік сектор активтері», — деді Әлихан Смайылов.
2024 жылдың ішінде бәсекелестік ортаға жалпы құны 589 млрд теңге болатын 14 нысан өткізілді. Оның ішінде 517 млрд теңге «Қазақтелеком» АҚ-ның Tele2 мобильді операторы үлесін катарлық инвесторға сату есебінен түсті.
«Осы соманың 158 млрд теңгесі республикалық бюджетке дивидендтер түрінде аударылды. Бұдан бөлек, аталған мәміле бойынша 76 млрд теңге корпоративтік табыс салығы ретінде төленді. Бұл – сатылған активтің қайта бағалануы нәтижесінде түскен салық. Қалған қаражат шартқа сәйкес биыл және 2028 жылға дейін түседі», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Кешенді жоспарды толық орындау үшін тағы 177 нысанды бәсекелестік ортаға беру қажет. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата бұл жұмысты жеделдету қажет деп есептейді.