Төрт брокерлік компания KMF Bank облигацияларын зейнетақы қаражатына сатып алды.
Компаниялар зейнетақы активтерін басқарушы ретінде 2025 жылғы 12 желтоқсанда KMF Bank облигацияларын 4,6 млрд теңгеге сатып алды.
Бір күнде Centras Securities 20 млн теңгеге, BCC Invest 450 млн теңгеге, Halyk Global Markets 600 млн теңгеге, ал Halyk Finance 3,5 млрд теңгеге бағалы қағаздар алды. Бұл облигациялардың өтеу мерзімі – 2028 жылғы 12 желтоқсан. Табыстылығы – 21%.
Бұған дейін KMF Bank 2026 жылы жаңа өнімдерді іске қосуды жоспарлап отырғаны хабарланған еді. Активтері 404,6 млрд теңге болып, рейтингте 18-орында тұрған KMF несие портфелі (332,4 млрд теңге) банк балансының рекордтық 82%-ын құрайды. Ал депозиттік база іс жүзінде жоқ: жеке тұлғалардан небәрі 4,7 млрд теңге, бизнес тарапынан көрсеткіштер нөлге жуық. Банк салымшылар үшін бәсекеге түспей, негізінен меншікті капиталы мен сыртқы қарыздар есебінен қаржыландырылады. Соның арқасында бір жылда 5,7 млрд теңге таза пайда тапқан.