Отбасы банкі тұрғын үй қарыздарын ішінара немесе толық өтеудің жаңа ережелерін түсіндірді. Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді зейнетақы жинағындағы артық ақшаны банктің пайызын жабуға тыйым салынады. Өзгерістер 2026 жылдың 31 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бұрын қарыз алушы enpf-otbasy.kz платформасы арқылы өтінім беріп, зейнетақы ақшасын арнайы шотқа аудартатын. Ақша түскен соң, оны кезекті айлық төлем ретінде пайдалана алатын. Айлық төлем мыналардан тұрады:
- Негізгі қарыз (үй алуға алған нақты ақша)
- Банктің сыйақысы (пайыздар);
- Өсімпұл мен айыппұлдар (төлем кешіктірілсе);
- Депозитке жинақ (алдын ала қарыз болса).
Бұрын «берешек» деген ұғымның аясында осының бәрін зейнетақы ақшасымен жабуға болатын.
Қандай өзгеріс енгізілді?
Ережедегі «берешек» деген сөз «негізгі қарыз» деген терминмен алмастырылды. Яғни, енді зейнетақы жинағындағы артық ақшамен тек негізгі қарызды ғана өтеуге болады. Ай сайынғы төлемді (ішіндегі пайызымен қоса) зейнетақы қаражатымен толық жабу мүмкін болмайды.
Банктің пайызын және басқа да төлемдерді қарыз алушы өз қалтасынан (өз қаражатынан) төлеуге тиіс.
Жаңа талаптарға байланысты банктің сервистері қайта жасақталады. Болашақта бұл процесс екі кезеңнен тұрады: Алдымен қарыз алушы өз ақшасымен банктің пайызын (сыйақысын) төлейді. Содан кейін ғана зейнетақы қаражатынан негізгі қарыз жабылады.
Жаңа жүйені бейімдеу үшін 2026 жылдың 31 қаңтарынан 2 наурызына дейін зейнетақы қаражатынан қарызды өтеуге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылады. 30 қаңтарға дейін берілген өтінімдер ескі ережемен өңделеді.
Мысалы, клиенттің айлық төлемі — 74 825 теңге делік. Оның ішінде банк пайыз 6 175 теңге, негізгі қарызы — 65 699 теңге. Клиенттің зейнетақы жинағында 100 000 теңге артық ақша бар болса, ескі ережемен зейнетақы есебінен 74 825 теңге толық төленетін. Ал жаңа ереже бойынша клиент өз қалтасынан 6 175 теңге (пайыз) төлеуі керек. Ал зейнетақыдағы 100 мың теңге тек негізгі қарызды (65 699 теңгені және одан қалған соманы) жабуға кетеді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану ережелері өзгергенін хабарлаған едік. Бұл түзетулер зейнетақыны алған кездегі салық төлеуді толық алып тастау мақсатында енгізілген