Зейнетақы реформасы жобасы президенттің қарауына жіберілді. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) жылдық есебінде айтылған. Құжатта міндетті зейнетақы жарнасының мөлшерлемесін қазіргі 10%-дан «кемінде 13%» деңгейіне немесе одан жоғары көтеру ұсынылады. Бұл ұсыныс халықаралық тәжірибеге және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі орташа мөлшерлеме 18,2% екеніне сүйеніп жасалған.
Сондай-ақ «4+1» үлгісін енгізу ұсынылған. Бұл модель жұмыс берушілердің қосымша (қызметкерлердің 10%-ынан бөлек) жарналарын аударуды көздейді:
• 4% — қызметкерлердің жеке меншігі мен мұрагерлік құқығы бар жеке зейнетақы шоттарына;
• 1% — ортақ сақтандыру шотына.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жүргізілген есептерге сәйкес, қазіргі 10% міндетті жарна зейнет жасында ең төменгі жайлы өмір сүру деңгейін де қамтамасыз ете алмайды.
Қор деректеріне сай, табыс алмастыру коэффициенті (ТАК) кем дегенде 30% деңгейінде болуы үшін жалақының 13%-ын 40 жыл, немесе 18%-ын 30 жыл бойы жинақтап отыру қажет.
Салыстырмалы түрде айтқанда, әлем елдерінің басым бөлігінде ТАК нормасы 70% деңгейінде — яғни зейнеткер зейнетке шыққанға дейінгі табысының шамамен 70%-ын алады.
Егер адам аз уақыт жұмыс істесе, мысалы, 20 жыл ғана еңбек етсе, табыстың 40% алмастыру деңгейіне жету үшін зейнетақы жарналары жалақының 38,1%-ын құрауға тиіс.
Қор сарапшылары қазіргі жинақтау үлгісі мен орташа еңбек өтілі жағдайында қазақстандықтар төмен зейнетақымен бетпе-бет келуі мүмкін екенін атап өтеді.
«Жүйе жұмыс істейді, бірақ адамдар күткендей нәтиже бермейді. 10% — лайықты зейнетақы қалыптастыру үшін тым аз», — делінген қор талдауында.