Қазақстандық зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану көрсеткіші жаңа шектеулерге байланысты күрт төмендеді, деп жазады Бірінші несие бюросы.

2026 жылғы ақпанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 23,8 мың өтініш орындалды. Бұл қаңтармен салыстырғанда 38% аз және 2024 жылғы мамырдан бергі ең төмен деңгей.

Ақшалай көлем де айтарлықтай қысқарды: 36,8 млрд теңге, яғни бір айда 28% азайды.

Төмендеудің басты себебі – ипотеканы өтеу ережелерінің өзгеруі. Жаңа талап бойынша Отбасы банктегі ипотеканы зейнетақы қаражатымен тек негізгі қарызды өтеуге ғана қолдануға болады. Ал пайыздық төлемдерді клиенттер өз қаражатымен төлеуі тиіс.

Осы өзгерісті енгізу үшін банк қаңтардың соңынан 2 наурызға дейін ипотеканы толық немесе ішінара өтеуге арналған өтініштерді қабылдауды уақытша тоқтатты. Бұл кезеңде тек 30 қаңтарға дейін берілген өтініштер ғана өңделді.

Соның нәтижесінде қаңтарда ипотеканы өтеуге 10,7 мың өтініш орындалса, ақпанда небәрі 10 өтініш ғана жүзеге асқан.

Айта кету керек, өтініш саны басқа бағыттарда да азайды, соның ішінде Отбасы банктен тыс банктердегі ипотекаларды өтеу бойынша да. Бірақ Отбасы банкке қатысты төлемдерді ескермесек, көрсеткіш соншалықты азаймаған, яғни өтініш саны 15%, төлем сомасы 17% ғана азайған.

Сарапшылардың пікірінше, наурызда көрсеткіштер біршама қалпына келуі мүмкін. Алайда 2025 жылғы деңгейге жетуі екіталай, өйткені 2026 жылдан бастап жеткіліктілік шегі көтерілді.