2026 жылдың соңына қарай зейнетақы жинақтарының артық бөлігін емделуге пайдалануға рұқсат етіледі. Оған дейін Отбасы банк медициналық ұйымдарға бағытталатын қаражатты бақылауға арналған арнайы платформаны әзірлеуі тиіс. Бұл туралы банктің басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова мәлімдеді.
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналистер зейнетақы жинақтарының артық бөлігін емделуге пайдалану қашан қайта басталатынын сұрады.
«Біздің міндет – бұл қызметті қолжетімді ету, бірақ оны толықтай ашық әрі бақылауда жасау. Халықтың шамамен 10%-ы бұл қаражатты мақсатсыз пайдаланғандықтан, 90% адам осы мүмкіндіктен айырылды. Менің ойымша, бұл әділетсіз. Сондықтан 2026 жылдың соңына дейін бұл процесті толық цифрландырумен айналысамыз», – деді Ибрагимова.
Оның сөзінше, жаңа жүйе стоматологиялық және басқа да клиникалардың барлығында енгізіледі. Зейнетақы қаражаты есебінен көрсетілген қызметтер бойынша жұмыстың орындалғаны туралы акт онлайн рәсімделеді. Жүйе Денсаулық сақтау министрлігінің платформаларымен де біріктіріледі.
Қазір Отбасы банк мамандары осы порталдың әзірлемесімен айналысып жатыр. Алайда банк басқа да маңызды жүйелерді жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда:
- тұрғын үй кезегінде тұрғандарды тексеру;
- көпбалалы отбасыларға 80 шаршы метрден аз тұрғын үйге берілген өтінімдер мәселесін қарау.
Сондықтан жаңа порталдың жасалуына қосымша уақыт қажет болуы мүмкін.