Әділет министрлігі заңды тұлғаларды тіркеудің жаңа ережелерін бекітті. Өзгерістер өтініш нысандарын қамтыған, сондай-ақ заңды тұлғалар туралы мәліметтер тізімі кеңейтілді.

Мемлекеттік тіркеу туралы өтініште енді бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді көрсету қажет болады. Атап айтқанда:

  • ЖСН (болған жағдайда) немесе резидент еліндегі шетелдік тұлғаның сәйкестендіру нөмірі;
  • Туған күні;
  • Тұрғылықты жері;
  • Заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі немесе бенефициарлық меншік иесіне тиесілі орналастырылған акциялардың мөлшері.

Бұдан бөлек, бұйрықпен үлгілік жарғы негізінде қызметін жүзеге асыратын тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы өтініштердің жаңартылған нысандары енгізіледі. Олар:

  • Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері;
  • Заңды тұлға, филиал (өкілдік);
  • Шаруашылық серіктестіктері;
  • Акционерлік қоғамдар;
  • Өндірістік кооперативтер.

Сондай-ақ, орта кәсіпкерлік субъектісін тіркеуге және бірқатар заңды тұлғаны қайта тіркеуге арналған өтініш нысандары жаңартылды.

Бұйрық 2026 жылғы 10 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.