Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланған 2025 жылы бойынша экономика мен көлік саласының дамуы үшін маңызды мамандықтарға деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Ұшқыш мамандығы авиация саласындағы ең технологиялық, жауапкершілігі жоғары әрі беделді бағыттардың бірі ретінде өз маңызын сақтап отыр. Әуе тасымалы нарығының кеңеюі ұшқыштарды даярлау мәселесін одан әрі өзекті етіп, бұл мамандыққа қойылатын талаптар, оқыту кезеңдері мен мансаптық мүмкіндіктер жайлы сұрақтарды көпшілік назарында ұстап келеді.
Ұшқыш мамандығының негізгі дайындық кезеңдері мен қазіргі үрдістерін тереңірек түсіну үшін Naryk.kz ұжымы FlyArystan әуекомпаниясының Ұшу өндірісін басқару жөніндегі директоры Талғат Ахметовпен сұхбаттасты.
– Талғат, авиациядағы кәсіби жолыңыз бен қазіргі қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Менің өмірім үнемі авиациямен байланысты болды. Әкем – ұшқыш, анам – авиациялық метеоролог ретінде қызмет еткен. Сондықтан бұл саланы таңдау мен үшін табиғи қадам болды десем артық болмайды. Бала кезімнен өзімді авиация саласында елестететінмін.
2008 жылы Air Astana әуекомпаниясы Ab-initio бағдарламасының іске қосылатынын жариялады. Аталған бағдарлама аясында әуекомпания есебінен білім алып, кейін жұмысқа орналасуға мүмкіндік ұсынылды. Осындай бірегей мүмкіндікті жіберіп алмауды жөн көріп, бағдарламаға өтініш тапсырдым. Іріктеуден сәтті өтіп, оқуымды аяқтаған соң Airbus A320 әуе кемесінде екінші ұшқыш ретінде еңбек жолымды бастадым. 2016 жылы әуе кемесінің командирі атандым.
Кәсіби дамуымды жалғастыра отырып, нұсқаушы, кейін Airbus A320 типі бойынша емтихан қабылдаушы біліктілігін иелендім. Уақыт өте келе басқарушылық қызметке ауыстым. Қазіргі таңда FlyArystan әуекомпаниясының Ұшу өндірісін басқару жөніндегі директор қызметін атқарамын.
– Ұшқыш болуды жоспарлаған үміткерлерге қандай негізгі білім және денсаулық талаптары қойылады?
Ең алдымен, ұшқыш ретінде оқуға және кейін жұмыс істеуге үміткерлер медициналық комиссия талаптарына сай болуы тиіс. Бұл арнайы медициналық сертификатпен расталады. Денсаулыққа қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының ережелерімен бекітілген және көру, есту, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйелері, сондай-ақ психикалық жай-күйін кешенді тексеруді қамтиды.
Белгіленген талаптарға сәйкес келген үміткерлер даярлықтың келесі кезеңдеріне жіберіледі. Әрбір ұшқыш денсаулық жағдайын бақылау үшін жыл сайын медициналық тексеруден өтеді. Медициналық рұқсаттан кейін үміткердің білімі мен дайындығын тексеру кезеңі басталады.
Бастапқы оқыту үшін үміткерге жалпы орта білім жеткілікті. Сонымен қатар математика мен физика негіздерін білу маңызды. Ағылшын тілі Intermediate деңгейінен жоғары болып, және ол халықаралық сертификаттармен расталуы тиіс.
– Мамандығын ауыстырып, авиацияны таңдауды ойлап жүргендер үшін бұл қадамның қаншалықты мүмкін екені маңызды. Бұған дейінгі мамандық ұшқыш ретіндегі қалыптасуға әсер ете ме және оқуды бастау үшін жас шектеулері бар ма?
– Жалпы алғанда, ұшқыш мамандығына оқуды бастау үшін қатаң жас шектеулері жоқ, алайда жекелеген бағдарламаларда қосымша талаптар болуы мүмкін. Мәселен, Ab-initio бағдарламасына тек қана 18 бен 34 жас аралығындағы үміткерлер құжат тапсыра алады.
Алдыңғы мамандық шешуші фактор болып саналмайды. Бұл салаға әртүрлі өмірлік және кәсіби тәжірибесі бар адамдар келеді: мектептен кейін бірден оқуды бастағандар да, 30 жастан кейін авиацияны таңдағандар да бар. Ұшқыштар қатарында бұрын қаржыгер, дәрігер немесе өзге салалардың мамандары кездеседі. Көп жағдайда олар жинақтаған білім мен дағдыларын жаңа мамандықта тиімді қолданып, кәсіби тұрғыда табысты дамып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
– Ұшқыш мамандығы техникалық сипатта болғанымен, жеке қасиеттердің де рөлі ерекше екені анық. Сіздің ойыңызша, бұл кәсіп үшін қандай қасиеттер шешуші мәнге ие?
Иә, жеке қасиеттер ұшқыш мамандығында аса маңызды. Зейінділік, стресс жағдайына төзімділік, ұжымда тиімді жұмыс істеу, тез үйрену және уақтылы әрі жауапты шешім қабылдау қабілеті – ұшқышқа тән негізгі сипаттардың қатарында. Сонымен қатар өзін-өзі сын көзбен бағалай білу де маңызды, себебі бұл қасиет кәсіби тұрғыда дамуға және шеберлікті үнемі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Ұшқыш қызметінде түрлі күрделі жағдайлар мен қиындықтар кездеседі, сондықтан мұндай жауапты әрі маңызды сәттерге дайын болу қажет. Ал дайын емес адамдар үшін бұл мамандықтың талаптарына төтеп беру қиын болуы мүмкін.
Осы себепті психологиялық тексеру кадеттерді іріктеудің міндетті бөлігі саналады және медициналық комиссия кезеңінде жүргізіледі. Үміткерлер жеке қасиеттерінің мамандық талаптарына сәйкестігін, стресс жағдайындағы реакциясын, шешім қабылдау ерекшеліктерін және оқуға бейімділігін анықтауға бағытталған арнайы тесттерден өтеді.
– Қауіпсіздік мәселесі коммуникация сапасымен де тығыз байланысты. Ұшқыштарға диспетчерлермен және халықаралық қызметтермен жұмыс істеу үшін ағылшын тілінің қандай деңгейі қажет? FlyArystan ұшқыштарына басқа тілдерге қатысты қосымша стандарттар қойыла ма?
– Авиацияның халықаралық тілі – ағылшын тілі. Кәсіби дайындық, әуе кемесін пайдалану жөніндегі құжаттама, сондай-ақ диспетчерлермен және халықаралық қызметтермен өзара байланыстың барлығы ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Сондықтан бұл тілді еркін меңгеру заманауи әуе кемелерінде қызмет атқарудың және халықаралық талаптарға сәйкестіктің міндетті шарты.
Азаматтық авиацияда ICAO стандарттарына сәйкес ағылшын тілін меңгерудің алты деңгейі бар. Ұшқыштар үшін ең төменгі рұқсат етілген деңгей – 4-деңгей, оны жүйелі түрде тестілеу арқылы растау қажет. Айта кету керек, емтихан тек авиациялық терминологияны білуді ғана емес, ауызша сөйлеуді түсіну, ойын нақты жеткізу және кәсіби жағдайларда тілді дұрыс қолдану қабілетін де бағалайды. Осы арқылы қауіпсіз ұшу үшін қажетті тілдік және коммуникациялық дағдылар тексеріледі.
Осы тұста, FlyArystan жолаушыларды ақпараттандыру талаптары мен қызмет көрсету стандарттарын қатаң сақтайды. Ұшақ бортындағы коммуникация үш тілде – мемлекеттік (қазақ), орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Егер әуе кемесінің командирі қазақ және/немесе орыс тілін сенімді түрде хабарландыру жасауға жеткілікті деңгейде меңгермеген жағдайда, хабарландыруларды екінші ұшқыш немесе аға бортсерік орындайды. Мұндай тәжірибе халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді және борттағы жолаушыларға ақпараттың дұрыс, түсінікті әрі жайлы түрде жеткізілуін қамтамасыз етеді.
– FlyArystan әуе паркі толықтай Airbus A320 ұшақтарынан тұрады. Осы типке арналған ұшқыштарды даярлаудың ерекшеліктері бар ма?
Иә, бастапқы ұшу даярлығынан кейін әрбір ұшқыш нақты бір әуе кемесінің типіне оқытылады – бұл Airbus, Boeing немесе басқа да үлгілер болуы мүмкін. Мұндай курс барлығына міндетті және орта есеппен бір жарым-екі айға созылады. Ол теориялық бөлім мен тренажерларда практикалық дайындықты қамтиды.
Әрбір әуе кемесінің өз ерекшеліктері бар, сондықтан FlyArystan әуе паркіндегі Airbus A320 ұшақтарын басқару үшін ұшқыштар осы типке арналған арнайы даярлықтан өтеді.
– Соңғы жылдары ұшқыштарға қойылатын талаптар жүйесі қалай өзгерді деп ойлайсыз?
Қазіргі күндері іріктеу процесінде ағылшын тілін меңгеру деңгейіне және үміткерлердің психологиялық дайындығына айрықша мән беріліп келеді. Атап өткенімдей, психологиялық тесттер бүгінде іріктеудің міндетті бөлігіне айналды – тестілеу тек оқу бағдарламасына қабылдау немесе әуекомпанияға жұмысқа алу кезеңімен шектелмей, ұшқыштың кейінгі кәсіби жолында да қайталанып отырады.
Жалпы, ұшқыш қызметі үздіксіз оқыту мен жүйелі тексерулерге негізделген. Жыл сайын ұшқыштар теориялық дайындықтан өтіп, емтихандар тапсырады, сондай-ақ тренажерларда және нақты ұшу жағдайларда практикалық жаттығулар орындайды. Мұндай дайындықтың тұрақты циклі саланың басты басымдығын – ұшу қауіпсіздігін айқын көрсетеді. Қауіпсіздік үздіксіз даму, кәсіби дағдыларды жетілдіру және тұрақты бақылау арқылы қамтамасыз етіледі.
– Қазақстанда ұшқыш мамандығына қыздар тарапынан қызығушылық артып келе ме? Оларды іріктеу немесе даярлауда ерекшеліктер бар ма?
– Иә, соңғы жылдары ұшқыш мамандығын таңдаған қыздар санының біртіндеп артып келе жатқанын байқауға болады. Дегенмен, ұшқыштар арасында ер адамдардың үлесі әлі де басым. Бұл авиацияда мансап құруды қалайтын қыздар үшін мүмкіндіктерді кеңейтіп, кадрлық теңгерімді жақсартуға әлеует бар екенін көрсетеді. Әсіресе, авиация саласының қарқынды дамуы және ұшқыштарды қоса алғанда білікті мамандарға деген сұраныстың артуы бұл үрдісті одан әрі жеделдете түсуде.
Іріктеу мен даярлау шарттарына келсек, ешқандай айырмашылық жоқ. Үміткерлерге қойылатын талаптар, оқу кезеңдері мен емтихандар жынысқа бөлінбей барлығына бірдей қолданылады.
– Сұхбатты қорытындылай келе, авиация жолына келуді ойлап жүрген жандарға қандай үш негізгі кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен – шешімді кейінге қалдырмау. Қойылатын талаптарды мұқият зерделеп, өз мүмкіндіктеріңізді бағалап, нақты әрекетке көшу маңызды.
Екіншіден, үздіксіз оқуға дайын болу қажет. Ұшқыш мамандығы үздіксіз дамуды, білім мен дағдыларды үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Бұл кәсіби қарқынға неғұрлым ертерек бейімделсеңіз, мамандық жолы соғұрлым жеңіл әрі сенімді бола түседі.
Үшіншіден, өз таңдауыңызға сеніп, ішкі мотивацияны сақтай білу маңызды. Ұшқыштың жолы ұзақ әрі кей сәттерде күрделі болуы мүмкін. Алайда авиацияға деген шынайы қызығушылық пен осы салада еңбек етуге деген ниет алға жылжуға, кездесетін қиындықтарды еңсеруге көмектесетін басты тірекке айналады.