Қазақстандық әуе компаниялары ұшақтарының жолаушылары жақын уақытта интернетті пайдалана алады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жаңа құқықтық база қалыптастырылды: Цифрлық кодекс пен киберқауіпсіздік туралы заң қабылданды. Биыл цифрлық экономиканы нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленеді.

Өткен жылы негізгі жобалар іске қосылды. Биыл тағы 1900 ауыл талшықты-оптикалық интернетке қосылады. Келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90%-дан асады. Сондай-ақ барлық республикалық автожолдар байланыс инфрақұрылымымен қамтылады.

Президент тапсырмасымен өткен жылдың желтоқсанында барлық шекара өткізу бекеттері интернетпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар интернет «Қазақстан темір жолы» жолаушылар тасымалының негізгі бағыттарында да қолжетімді болады.

«Алғаш рет азаматтар отандық әуе тасымалдаушы бортында интернет қолдана бастайды. Бұл инфрақұрылым Қазақстанның өңірлік цифрлық байланыс саласындағы көшбасшылығын күшейтеді. Қазақстан аумағында салынған Starlink gateway-станциялары арқылы спутниктік интернет көрші елдерге де қолжетімді болады», – деді министр.

Мысалы, биыл Тәжікстан үшін интернет трафигі беріле бастайды. Келесі кезекте Моңғолия мен Қырғызстан тұр. Ал Транскаспий бағытындағы талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Өзбекстан оффтейк-келісімшарттар ұсынуда. Мұндай трансшекаралық инфрақұрылым мен қолжетімді электр энергиясы халықаралық есептеу қуаттары хабын құруға мүмкіндік береді.

Бұл жоба қазір белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Павлодар облысында жер телімі бөлініп, ГРЭС-1 станциясынан 300 мегаватт қуат резервтелді, халықаралық инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Сонымен қатар «Қазақтелеком» келесі жылдың екінші тоқсанында қуаты 50 мегаватт болатын жасанды интеллект деректер орталығын (ЦОД) салады. Бұл орталықтың қуаты мемлекеттік органдардың суперкомпьютері орналасқан жаңа деректер орталығынан 10 есе жоғары болады.

Биыл мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін толық резервтеу жүргізіледі. Қазіргі уақытта жүйелерді QazTech бірыңғай платформасына кезең-кезеңімен көшіру жүріп жатыр.

Өткен жылдың соңында мемлекеттік ақпараттық жүйелер толық түгенделді. Ескірген және қайталанатын жүйелер оңтайландырылады. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінде аудит кезінде 30-дан астам жүйе анықталып, олар 8 жүйеге дейін қысқартылып, QazTech платформасына көшіріледі. Биыл орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің 30%-ын көшіру жоспарланған.

Министрдің айтуынша, сапалы деректер – жасанды интеллекттің негізгі ресурсы. Бірқатар мемлекеттік органдар деректерді цифрландырудың қажетті деңгейіне жетіп, жасанды интеллект қолданылатын цифрлық өнімдерді іске қосты.

Жаслан Мадиев Президенттің Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық міндетін еске салды. Оның айтуынша, цифрлық мемлекет – азаматтар, бизнес және мемлекеттік аппарат үшін нақты құндылық қалыптастыратын жүйе болуы тиіс. Мемлекеттік шешімдер жылдам әрі сапалы қабылданып, транзакциялық шығындар азайып, экономика тұрақты өсіп, азаматтардың сенімі артуы қажет.