Қаржы министрлігі Ұлттық қор қаражаты туралы ай сайынғы есебін жариялады. Осы құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қорға 10,21 трлн теңге түсіп, 5,30 трлн теңге алынған.

Жалпы түскен қаражат ішінде мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар 3,72 трлн теңге болды (бір ай бұрын бұл сома 3,57 трлн теңге еді). Салықтан түскен қаражат ішінде:

  • 1,30 трлн теңге – корпоративтік табыс салығы;
  • 34,64 млрд теңге – үстеме пайда салығы;
  • 1,23 млрд теңге – бонустар;
  • 899,22 млрд теңге – пайдалы қазбаларды өндіру салығы;
  • 356,85 млрд теңге – экспортқа салынатын рента салығы;
  • 1,04 трлн теңге – жасалған келісімшарттар бойынша өнімді бөлу жөніндегі Қазақстан Республикасының үлесі;
  • 87,57 млрд теңге – өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі және мұнай секторы ұйымдарынан алынатын жер қойнауын пайдалануға арналған баламалы салық.

Бұдан бөлек, мұнай секторы ұйымдарынан басқа операциялар үшін Ұлттық қорға 19,46 млрд теңге түсті. Оның ішінде:

  • 1,74 млрд теңге – әкімшілік айыппұлдар;
  • 4,70 млрд теңге – басқа да айыппұлдар мен өсімпұлдар;
  • 10,48 млрд теңге – табиғат пайдаланушылардан зиянды өтеу туралы талап арыздар бойынша түсімдер;
  • 2,52 млрд теңге – мұнай компанияларынан түсетін басқа да салықтық емес қаражат.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатудан Ұлттық қорға 1,13 млрд теңге түсті.

Республикалық меншікті жекешелендіруден түскен ақша — 1,28 млрд теңге.

182,91 млн теңге — 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген нысаналы трансферт есебінен республикалық бюджеттен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарына берілген бюджеттік несиелерді өтеу ретінде түсті.

Екінші деңгейлі банктердің несие қоржындарының сапасын жақсартуға мамандандырылған ұйымның активтерді сатуынан 23 млрд теңге түсті.

Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс 2025 жылдың тоғыз айында 6,44 трлн теңгені құрады (жартыжылдықта бұл сома 2,48 трлн теңге болған еді, ал Ұлттық банктің бекітілген есебіне сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанында -584,47 млрд теңге шығын тіркелген болатын).

Он екі ай ішінде Ұлттық қордың 5,30 трлн теңге қаражаты пайдаланылды. Бұл соманың ішінде:

  • Республикалық бюджетке берілген кепілдірілген трансферт – 2 трлн теңге;
  • Нысаналы трансферт – 3,25 трлн теңге;

Қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудит жүргізуге 54,38 млрд теңге жұмсалды.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлттық қорда 39,64 трлн теңге қалды. 2025 жылғы 1 қаңтарда Ұлттық қорда 34,73 трлн теңге болған еді.