Ұлттық қордан ақша алу екі есе азаяды

Ұлттық қордан ақша алу екі есе азаяды

Үкімет отырысында Қазақстанның 2026–2028 жылдарға әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы баяндама жасаған кезде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны тұрақтандыру үшін ақша-несие саясатын жүзеге асыру бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

Бұл – теңге активтерінің тартымдылығын қолдау, жинақтауға ұмтылуды ынталандыру және тұтынушылық белсенділікті тежеу үшін орташа-қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу. Фискалдық тәртіпті күшейту: мемлекеттік қаржылардың тұрақтылығын нығайту және бюджеттің Ұлттық қордан трансферттерге тәуелділігін азайту үшін жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. 2025–2026 жылдарға арналған инфляцияны төмендету шаралары кешені бойынша мемлекеттік құжат жаңартылып жатыр. Мемлекеттік қаржылардың тұрақтылығын арттыру бойынша бірлескен Жол картасы дайындалды. ҚНРДА тұтынушылық несиелендіруді салқындату жұмыстары жүргізіп, тұтынушылық несиелендіруге қатысты секторлық контрциклдық капитал буфері енгізілуде.

«Баға реформалары: үкімет тарифтер мен баға қалыптастыру саласындағы реформалардың қарқынын икемді бейімдеу туралы пікірталас жүргізіп, консенсусқа қол жеткізді. Ақша-несие реттеудің қосымша шаралары, оның ішінде алтын сатып алу операцияларын айналау тәжірибесін қайталау енгізіледі. Биыл жеті ажйда 1,7 трлн теңге алынған, ал жыл соңына дейін шамамен 3 трлн теңге алынуы күтілуде. Сондай-ақ минималды резервтік талаптар өсірілуде. Бұл шамамен 3 трлн теңге көлемінде ликвидтілікті сіңіруге, ақша-кредит құралдары бойынша шығынды азайтуға және ақша базасын қысқартуға мүмкіндік береді, бұл сондай-ақ дезинфляциялық әсерді күшейтеді», – деп нақтылады Тимур Сүлейменов.

Көрсетілген шаралар кешені және барлық билік органдарының үйлестірілген іс-әрекеті нәтижесінде Ұлттық банк инфляцияны орта мерзімді перспективада мақсатқа қайтаруды күтуде.

«Төлем балансы бойынша. Орта мерзімді перспективада төлем балансындағы ағымдағы есепшоттың сальдосы шамалы дефицит аймағында сақталады. Бұл Қазақстанның экспорттық позицияларының бағасының сценарлық төмендеуімен, импортқа сұраныстың өсуімен және шикізат секторындағы жобалар бойынша тікелей шетелдік инвесторларға жоғары төлемдермен байланысты», – деді Ұлттық банк басшысы.

Тимур Сүлейменов Ұлттық қор мен республикалық бюджеттің параметрлерін түсіндірді.

«2026–2028 жылдары Ұлттық қордан жыл сайынғы кепілдендірілген трансферттер 2,8 трлн теңге деңгейінде жоспарланған. Бұл соңғы екі жылдағы көлемдермен салыстырғанда екі есе аз. Бұл теңдестірілген фискалдық саясат жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Енді осы принциптерді жүзеге асыру маңызды», – деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Қазіргі болжамда Ұлттық қорды басқарудан инвестициялық табыс жыл сайын 0,9–1 трлн теңге диапазонында жоспарланған.

«Ұлттық банк қор активтерін басқару стратегиясын жетілдіру шеңберінде инвестициялық табысты арттыру бойынша жұмыс істейді. Жоғары табысты құралдардың үлесін арттыру жоспарланып отыр. Жалпы, біз бюджет параметрлерін қолдаймыз және бюджет консолидациясын бюджет ережелерін сақтай отырып қолдаймыз. Салық реформасымен қатар қабылданған шаралар бюджет тұрақтылығын арттырады, фискалдық және ақша-кредит саясатын үйлестіруді жақсартады және дезинфляциялық әсер етеді», – деп түсіндірді ол.

Ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қолдау үшін Ұлттық банк банктердің ликвидтілігін экономиканы несиелендіруге тарту бойынша шаралар қабылдауда. Корпоративтік несиелендіруді арттыру және банктердің ликвидтілігін Ұлттық банк құралдарынан экономиканың табысты жобаларына қайта бағыттау үшін салықтық ынталандырулар жасалуда.

«Олармен бірге ақша-несие және пруденциялық реттеу құралдары банктерге ликвидтілікті тұтынушылық несие немесе Ұлттық банк құралдарына емес, кірісті бизнес-жобаларға бағыттау тиімді болатын жағдай жасайды», – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Ол атап өткендей, ҚНРДА мен Ұлттық банк қаржы заңнамасын реформалау бойынша үлкен пакет дайындап жатыр, оған банк секторы, төлемдер, бағалы қағаздар нарығы және басқа да мәселелер кірген.

«Сондай-ақ цифрлық қаржылық активтерді реттеу енгізу, Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосу және төлем нарығын одан әрі дамыту жоспарланып отыр», – деп қорытындылады Тимур Сүлейменов.