Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Ұлттық қордан бөлінетін 1 млрд доллардың қайда бағытталатынын айтып берді. Қаржы институты Ұлттық қор қаражатын пайдалана отырып, ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасын іске қосуға дайындалып жатыр.
«Жобаларға инвестициялар Ұлттық қордың баламалы құралдар портфелі есебінен жүзеге асырылады. Әртараптандыру және ауқымды көбірек қамту үшін бұл млрд долларды бірнеше актив класына бөлу жоспарланған: 500 млн долларға дейін – жеке капиталға, 200-250 млн доллар – инфрақұрылымға және 200 млн долларға дейін – жеке борышқа (private debt) бағытталады. Болашақта 50-ден 100 млн долларға дейін венчурлік капиталға, яғни жаңадан бастаған стартап-компанияларға салуымыз мүмкін», – деді Молдабекова.
Инвестиция бағытталатын негізгі секторлар:
- Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту;
- Логистика және көлік;
- Денсаулық сақтау;
- Білім беру;
- Ауыл шаруашылығы;
- Цифрлық инфрақұрылым.
Әлия Молдабекованың айтуынша, таңдау жоғары технологиялық секторларға түседі. Мұнай және өндіру секторлары бұл бағдарламаға кірмейді. Басты назар экспорттық әлеуетті арттыруға, жаңа технологияларды тартуға және экономиканы әртараптандыруға аударылады.
Инвестицияның 70%-ы Қазақстандағы жобаларға, ал қалған бөлігі Орталық Азия мен Кавказ елдеріне бағытталады. Бұл шешім халықаралық басқарушыларды тарту және шетелдік қорлардың бірлескен жұмысқа деген қызығушылығын арттыру үшін қабылданған.
Бағдарламаның әкімшісі ретінде Ұлттық банктің еншілес ұйымы – Ұлттық инвестициялық корпорация (ҰИК) жұмыс істейді.