Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында мәлім еткендей, ауыл шаруашылығын қолдау және туризмді дамыту шаралары аясында шаруалар отырған жерлеріне турист тартуға рұқсат алады.
«Шаруалар учаскелерінде агротуризммен айналысу құқығын алады. Қазіргі уақытта елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашып, ауылдардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», — деп есептейді министр.
Сондай-ақ, әкімдіктерге елді мекендерден тыс, оның ішінде ұлттық саябақтар аумағында туризм инфрақұрылымын салу тапсырылады. Қазір парламентте заңнамаға қажетті түзетулер қаралып жатыр.
«Бұл қадам негізгі туристік бағыттардағы инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етеді, туристік бағыттардағы инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленеді», — деді Ербол Мырзабосынов.
Оның айтуынша, ұлттық парктерде туристік-рекреациялық қызметті жүзеге асыру мақсатында ұзақ мерзімді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұлғайту бойынша заңнамалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл инвестиция тартуға және экотуризмді дамыту үшін инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік бермек.