Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3%-ды құрап, Ұлттық банктің болжамына сәйкес келді. Желтоқсан айында айлық инфляция аздап жеделдеп, 0,9%-ды көрсетті. Базалық инфляция әлі де жоғары деңгейде — 0,8%.

«Инфляция әлі де ішкі сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсуі жағдайында қалыптасып отыр. Тарифтік реформа мен жанар-жағармай нарығын либерализациялаудың жанама әсерлері халықтың күтулері мен тауар бағаларына әсер етуін жалғастыруда», — делінген реттеушінің баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген болатын. 2025 жылғы қарашада да Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды.