Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әсіресе моно және шағын қалаларда, сондай-ақ ауылдық жерлерде шағын және микробизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы қаралды.

«Қуатты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпкерліктің дамуы – орнықты экономикалық өсудің негізгі факторы. Өздеріңізге мәлім, жуырда Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін жедел түрде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Үкімет шағын және микробизнесті нақты қолдауға, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, өндірісті дамытуға бағытталған кешенді құжатты әзірледі», — деп атап өтті премьер-министр.

Кәсіпкерлерге берілетін қолдаудың негізгі параметрлеріне келетін болсақ, несие лимиті 200 млн теңгеге дейін деп белгіленген. Мөлшерлеме: ~8,8% (мемлекет тарапынан субсидияланады). Мерзімі: 3 жылға дейін. Кепіл болмаған жағдайда: «Даму» қоры қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік береді. 

Бағдарлама басымдық беретін бағыттар мен қатысушылар: Микро және шағын бизнес өкілдері. Басымдық берілетін салалар: ауыл шаруашылығы өнімдерін, тері, жүн өңдеу; шағын наубайханалар; жиһаз, құрылыс материалдарын дайындайтын цехтар; сүт және ет жартылай фабрикаттары; қолөнер. Ерекше басымдық: «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларының қатысушыларына беріледі.

«Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, бизнес ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады, олар – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары енгізілуде. 

Құжаттардың базалық пакеті цифрлық форматта қабылданады:

  1. 1. Бизнес-жоспар: жоба сипаттамасы, өтімділік есебі және ашылатын жұмыс орнының саны.
  2. 2. Тіркеу құжаттары: ЖК тіркелгені туралы хабарлама немесе ЖШС тіркелгені туралы анықтама.
  3. 3. Қаржылық есептілік: соңғы есептілік кезеңдері (қолданыстағы бизнес үшін).
  4. 4. Прайс-парақтар: қаражаттың нақты қайда жұмсалатынын көрсету.

Өтінімдерді беру egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі. Шалғай аудандар үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер (автобустар) жергілікті жерлерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.