Үкімет бұрынғы қарызын жабу үшін жаңа қарыз алайын деп отыр

Қазақстан 2026 жылдың соңына дейін 1–1,5 млрд доллар көлемінде еурооблигациялар орналастыруды, сондай-ақ 500 млн долларға дейін самурай-бондтар (Жапония нарығында жапон иенасымен шығарылатын облигациялар) шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.

«Жыл соңына дейін еурооблигациялардың бірнеше шығарылымын жоспарлап отырмыз. Көлемі шамамен 1–1,5 млрд доллар болады. Барлығы Лондон алаңында орналастырылады. Сонымен қатар қазір самурай-бондтар бойынша да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Жыл соңына дейін оны да шығаруды жоспарлап отырмыз. Оның көлемі шамамен 500 млн доллар болады», – деді Такиев Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) жыл сайынғы жиналысы аясында.

Қазақстан қазіргі таңда энергия ресурстары мен металдардың салыстырмалы түрде төмен бағасы жағдайында бұрынғы қарыздарын қайта қаржыландыру және бюджет тапшылығын жабу үшін халықаралық қарыз нарығынан қаражат тартып келеді.