Үй жанынан дүкен ашу оңай кәсіп пе?

Үй жанынан дүкен ашу оңай кәсіп пе?

Қазақстанда кең таралған кәсіптің бірі – үй жанынан дүкен ашу. Бұл кәсіппен айналысамын дейтін кез келген адам салыстырмалы түрде оңай «кіре алатын» сала. Алайда оның да көзге көрінетін және көрінбейтін қиындықтары баршылық. Үнемі айналымды толтырып отыру, тауар ассортиментін бақылау, жеткізушілерді дұрыс таңдау тәрізді ірілі-ұсақты шаруасы көп. Naryk.kz ақпарат агенттігі Halyk Bank-пен бірлесіп, сала кәсіпкерлерінің тәжірибесін зерттеді.

Клиент ағынына тәуелді кәсіп

Жұпаргүл Ғазизқызы – Алматының ортасында, Назарбаев даңғылының бойында орналасқан «Мирас» атты шағын дүкеннің иесі. Күнделікті тұрмысқа қажет ұсақ-түйек, азық-түлік, дайын тағамдар, сусын сатады. Дүкенді күйеуі Қуаныш екеуі осыдан он жыл бұрын ашқан. «Бастапқыда маңайда бір дүкен ғана болатын, оның өзі алыстау еді» дейді ол. Қазір бір көшенің бойында ірі сауда желілері, одан бөлек тағы төрт-бес шағын дүкендер ашылған. Әлбетте бәсекелестер көбейгені түсімге әсер етпей қоймайды, бірақ көштен қалмай келе жатырмыз деп жымияды кейіпкеріміз. Қызығы, дүкеннің негізгі клиенттері – шетелдік азаматтар, Арбатқа қыдыруға келген қонақтар, туристер.

«Таңертең сегіз жарым-тоғызда ашыламыз, түнгі екі-үшке дейін істейміз. Арбатты аралайтын қонақтар,  түнде қыдыратын жастар келеді. Сауда соларға байланған. Бір күні сауда керемет жүреді, бір күні онша емес. Жатын ауданда орналасқан дүкендердің ерекшелігі – олар күн сайын орта есеппен қанша адам келетінін нақты айта алады, тұрақты клиент бар. Ал бізде ондай жоқ. Жаңбыр жауса, күн суытса ешкім келмейді. Мереке күндері керісінше көбейіп кетеді», – дейді 52-дегі кәсіпкер.

Кассалық алшақтық болғанда OnlineDuken көмекке келеді

Жұпаргүлдің сөзінше, шағын дүкендерге қоғамдағы, нарықтағы кез келген құбылыс тез әсер етеді. Әсіресе, карантин уақыты бизнеске соққы болған. Пандемия кезінде онлайнға өтпеген, жеткізу қызметі жоқ дүкендер қатты қиналды. Одан кейін қайта табысқа шығу үшін екі жылдай уақыт керек болды дейді кәсіпкер. Тауарға қажетті ақшадан қысылған сондай шақта Halyk Bank ұсынған OnlineDuken қызметі көмекке келді. Бұл сервис кәсіпкерлерге тауарды қазір сатып алып, қаржысын кейінірек төлеуге мүмкіндік береді. Мәселен, дәл қазір 300 мыңға сауда жасап, ал ақшасын бір айдан кейін төлеуге болады. Бұл, әсіресе, кассалық алшақтық болғанда, яғни жеткізушіге дереу ақысын төлеуге ақша қажет болғанда пайдалы дүние.

«Halyk Bank-тен OnlineDuken сервисі ашылды деген хабарлама келді. Айналымға қаражат таппай қиналып отырған едік. Ешкімнің көмегін күтпей бірден тіркеліп, бөліп төлеу қызметін іске қостық. Банктің терминалына да тапсырыс бердік», – дейді Жұпаргүл.

Алғашында кәсіпкер 300 мың теңгеге өтінім берген, сол қаражатқа тауар алады. Кейін банк лимитті 700 мың, 1 млн теңгеге дейін көтерді. Қазір Жұпаргүл OnlineDuken-нің тұрақты қолданушысы. Үнемі шетелдік азаматтарды қабылдайтын дүкен үшін Halyk Bank-тың POS-терминалы да қолайлы. Кез келген халықаралық банктің картасын қабылдай береді.

«Тапсырыс беріп, керегімізді аламыз. Halyk Bank POS-терминалына төлем жинала береді. Сол жерден банк төлем уақыты келгенде керегін шешіп алады (ол үшін клиент шотында керекті сома болуы тиіс – редакция). Банк ұсынған осындай сервистер дүкен иелері, шағын кәсіпкерлер үшін көмек, бізді артық жұмыстан құтқарады», – дейді ол.

Алматының Бостандық ауданында аумағы 105 шаршы метр болатын дүкені бар Әсел Байділданова күнделікті азық-түліктен бастап тұрмыстық химия, оқу жабдықтарына дейін саудалайды.

«Азық түлік дүкенін жүргізу өте қиын. Мұнда төрт сатушым бар, кассада тұрмаймын. Бірақ соның өзінде шаруа көп, тауарлардың артық-кемін бақылап тұру керек. Күніне кем дегенде үш-төрт сағат көңіл бөлуді қажет етеді», – дейді кәсіпкер.

Бір күннің өзінде Әселдің дүкеніне 20-30-ға жуық фирма келіп, тауарларын ұсынады екен. Оны бір-бір данадан емес, артығымен үлкен көлемде сатып алады.  Бірақ кассада ақша үнемі дайын тұрмайды. Кейде төлем жиналмай қалып, ал тауар жеткізушілермен тез арада есептесу керек болады, кассалық алшақтық туындайды. Осындай кезде Әсел де OnlineDuken-ге жүгінеді.

«Кәсіпте үнемі ақша жетпейді, кассалық алшақтық болады. Дүкеннің айналымы сондай ғой, аз сомаға ала тұрайын демейсің. Бірден үлкен сомаға тауар сатып алу керек, оның ақшасын бірден төлеу қажет. Әрине, тауарды кешке дейін сатып ақшасын шығарып аламыз, бірақ фирма оның сатып болғанын күтіп отырмайды, ақшасын бірден сұрайды. Сондай кезде бізді OnlineDuken құтқарады», – дейді Әсел.

Айналымындағы ақшаға тиіспеу үшін кәсіпкер бірнеше рет OnlineDuken-нің қызметін пайдаланған. Несиеге қарағанда шарттары тиімдірек деген баға береді.

«Мысалы, 250 мыңға деп бір аптаға темекі өнімдерін аламыз. OnlineDuken лимиті 300 мыңнан басталды, кейін көтеріліп отырды. Алған ақшаны жеті күнде, екі аптада немесе бір ай ішінде қайтарамыз. Біздің қоймамыз да бос тұрмайды, қажет тауарды алаңсыз ала береміз», – дейді Әсел.

Кәсіпкер дүкен ашылғалы бері Halyk Bank-тің тұрақты клиенті. Бөліп төлеуден бөлек банктен бірнеше рет бизнесті кеңейтуге деп қаражат алған. Бөліп төлеу қызметі нағыз жеке кәсіпкер үшін қажет дүние дейді ол. Керек кезінде банк қаражат береді, ісің алға жүрген соң қайтарасың. Екі тарап үшін де сәтті келісім.

Жеткізушіге OnlineDuken-нен тапсырыс береді

Тағы бір кәсіпкер 51 жастағы Диляра Юнусованың дүкені дәл мектеп жанында орналасқан. Тиісінше негізгі клиенттері – оқушылар мен олардың ата-аналары, сол ауданның тұрғындары. Әсіресе, сабақ бітіп, балалар үйіне қайтатын түскі уақытта қызу сауда болады. Кейде дүкен ішінде артық адам жүретін орын болмай қалады. Бірақ үнемі солай бола бермейді дейді кәсіпкер. Дүкеннің жұмысы маусымға, ауа-райына да тікелей байланысты.

«Оқу жылы кезінде табысымыз да жақсы. Ал демалыс басталғанда бірден екі есе азаяды.  Осы нәрсенің бәрін ескеру керек. Кейде тауарды екі есе артық тапсырыс беріп қоятын кез болады, бірақ тура сол күні сауда жүрмейді. Сөйтіп кассалық алшақтық шығады. Бұл енді қалыпты нәрсе, кәсіп те жүрген соң оған үйрендік», – дейді ол.

Кәсіпкер сөзінше, шағын дүкендегі бір қиын жұмыс – тауарды уақытылы жеткізетін жеткізушіні таңдау. Ең алғаш кәсібін бастағанда бұл мәселемен бетпе-бет келген.

«Бастапқыда қаржы жағынан да түсінбеушілік болды. Құрал-жабдыққа, тауарға қанша сома керек екенін білмейсің, тіпті қандай ассортимент таңдау керек деп те басымыз қатты. Көтерме базарға барып, тауар тасыдық. Кейінірек ақырындап тауар жеткізушілермен байланыс орнатып, өздері дүкендерге жеткізіп тұратын болды.  Қателеспесем, құрал-жабдық пен тауар ассортименті үшін сол кездегі бағаммен 10 мың доллар жұмсадық. Еш банктен несие алмадық, жинап-терген қаражатымыз еді», – дейді Диляра.

Алғашында базар аралап жүрсе, қазір Диляраның дүкеніне тауар әкеліп тұратын тұрақты жеткізушілері бар. Оның біршамасына OnlineDuken арқылы тапсырыс береді.

«Halyk Bank-пен алғаш ашылған күннен бастап серіктеспіз. 2015 жылдары бизнес үшін басқа балама банк те жоқ еді, сондықтан бірден Halyk Bank-ке барып, бизнес карта ашқанбыз. Ал OnlineDuken сервисі ашылғанда алғашқылардың бірі болып біздің дүкенімізге тест жасаған. Қазір осы платформа арқылы негізгі тауарларға тапсырыс береміз. Жеткізушілер каталогы бар, сол жерден таңдап отыруға болады», – деп түсіндіреді кәсіпкер.

OnlineDuken кәсіпкер Бекболат Исабаев үшін де күнделікті қолданатын қызметтің біріне айналған. Әйелі екеуі 2016 жылы осы дүкен кәсібіне келген. Бірақ алғашқы екі дүкеннің ісі сәтсіз болып, тек үшіншісінде ғана алға басты. Жатын аудандардың бірінде орналасқандықтан күнделікті келетін клиенттер бар. Тауар ассортиментін үнемі толықтырып, жетпеген өнімдерді тапсырыспен бере салғанға өте ыңғайлы дейді ол.

«Halyk Bank-тің OnlineDuken-і уақыт үнемдейді. Сонымен қатар бонустары да бар. Әсіресе күнделікті алатын тауарлардың ішінде жұмыртқаға тиімді ұсыныстар болады, кейде ең төмен баға дәл OnlineDuken-де шығады. Сондықтан бизнесіміз үшін де, күнделікті сатып алулар үшін де ыңғайлы қызмет деп есептеймін», – деп атап өтеді Бекболат.

Бекболат пен жұбайы бизнеске қажет кезде бірнеше рет Halyk Bank-тен несие алған, оның ішінде ипотека бойынша да жақсы шарттарын пайдаланды.

«Тіпті қазіргі тұрып жатқан үйімізді де Halyk Bank-тің көмегімен алғанбыз. Сондықтан банк бізге тек бизнесті дамыту жағынан ғана емес, жеке мәселелерімізді шешуде де үлкен қолдау көрсетті. Кәсіп ашып, оны дамыту барысында қаржыландыруға қатысты көптеген мәселемізді Halyk Bank арқылы шештік», – деп ризашылығын білдірді кәсіпкер.

Біз сөйлескен кәсіпкерлердің барлығы дерлік кемінде он жыл осы салада жүр, дүкен бизнесінің қыр-сырын біледі. Қазір онлайн тапсырыс беру, жеткізу қызметі дамып әрі ірі гипермаркеттер желісі көбейіп, бәсекелестік артқанын мойындайды. Бірақ үй жанына тез барып, ала қоятын сауда орны ретінде шағын дүкендер әлі де көштен қалмай келеді.

Шағын кәсіпкерлерге арналған сервис

Жеке кәсіпкерлер тұрақты қолданатын OnlineDuken – Halyk Bank-тің шағын дүкендерге арналған онлайн сауда және тауар сатып алу платформасы. Ол кәсіпкерлерге жеткізушілерден тауарға тапсырыс беруге, онлайн төлем жасауға және төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдалануға көмектеседі.

Төлемді кейінге қалдыру кәсіпкерде кассалық алшақтық болып, тауар алу үшін қаржы жетпегенде көмекке келеді. Банк 5 млн теңгеге дейін пайызсыз қаражат береді, төлем мерзімі 7, 14, 21 немесе 30 күн. Бұл мүмкіндік жеке кәсіпкерлерге арналған, нақты лимит өтінімнің мақұлдануына байланысты.

Бірақ төлемді кейінге қалдыру тегін деген сөз емес. Halyk Bank ресми сайтында комиссия тапсырыс сомасы мен кейінге қалдыру мерзіміне қарай есептелетіні жазылған. Төлем кешіксе, өсімпұл да есептелуі мүмкін.

Сондай-ақ кәсіпкер мобильді қосымша арқылы тауарға тәулік бойы тапсырыс бере алады. Тапсырысты өзі немесе сауда өкілі арқылы рәсімдеуге, платформаға қосылған жеткізушілерді табуға болады. Ал жеткізушілерге платформа арқылы немесе шоттағы QR-кодпен онлайн төлем жасайды. Серіктес жеткізушілердің жеңілдіктері мен акциялары да жиі болып тұрады. Кейбір төлемдерге бонус есептеледі, бірақ оның шарттары мен мөлшері науқанға байланысты өзгеруі мүмкін.

Қорыта айтқанда, OnlineDuken  кәсіпкерлердің күнделікті бизнес процесін жеңілдететін құралға айналып отыр. Бізбен әңгімелескен кәсіпкерлер осы үшін де оны күнделікті пайдаланатынын айтады. Олар айналымдағы ақша аз, кассалық алшақтық болды деп бас қатырмайды. OnlineDuken дер кезінде бөліп төлеу қызметін ұсынады. Тауар ассортименті азайып бара жатса, платформада жеткізушілер каталогы да дайын. Кез келген фирмамен байланысып, қажет көлемде тапсырыс береді. «Дүкеннің жұмысын жолға қоюға көмектесіп отырған бірден бір сервис» дейді кәсіпкерлер.