Жоғары аудиторлық палата Қазақстанда ғылым саласына бөлінген бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне аудит жүргізді. 2026 жылғы 11 қарашада Құрылтайда жарияланған мәліметтерге сәйкес, аяқталған 141 ғылыми жобаның тек 38-і ғана үш жыл ішінде тұрақты өнім сатылымын қамтамасыз еткен. Бұл жалпы жобалардың 27%-ы. Ал құны 22 млрд теңге болатын 103 жоба бойынша күтілген өнім көлемі мен сату көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген. Жалпы, аудит барысында 98 млрд теңгеге қатысты заңбұзушылықтар мен тиімсіздік анықталды.
Ғылымды қаржыландыру артқанымен, экономикадағы үлесі төмен
Аудиторлардың мәліметінше, 2022-2025 жылдары Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен.
Осы кезеңде Ұлттық ғылым академиясы құрылып, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жабдықтары жаңартыла бастаған. Жас ғалымдарды қолдау шаралары да енгізілген. Ал 2026 жылы ғылым мен инновацияны дамыту Конституцияда стратегиялық басымдық ретінде бекітілді.
Алайда ғылымның жалпы ішкі өнімдегі үлесі әлі де төмен. Қазір бұл көрсеткіш 0,16% ғана. Ал жоспарлы межесі – 1%. Демек, мақсатқа жету үшін ғылымның экономикадағы үлесін шамамен алты есе арттыру қажет.
Сонымен қатар ғылымды қаржыландыруда мемлекетке тәуелділік күшейген. Мемлекеттік қаржының жалпы қаржыландырудағы үлесі 55%-дан 82%-ға дейін өскен. Аудиторлар мұны бизнестің ғылыми әзірлемелерге сұранысы төмен екенінің белгісі деп бағалайды.
Ғылым саласындағы мақсаттар бірнеше рет төмендетілген
2021-2025 жылдары Қазақстанда ғылымды дамытуға арналған төрт бағдарламалық құжат қабылданған. Олардың үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Сонымен қатар бағдарламалардағы бастапқы мақсаттар бірнеше рет төмендетілген.
Мысалы:
Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын шығындардың ЖІӨ-дегі үлесін 2%-ға жеткізу мақсаты кейін 0,5%-ға дейін төмендетілген;
Ғылыми қызметкерлер санын 50%-ға арттыру жоспары 7%-ға дейін қысқарған;
Жеке сектор қаржыландыратын зерттеулердің үлесі 50%-дан 32%-ға дейін азайтылған.
Аудиторлардың пікірінше, мұндай өзгерістер ғылым саласындағы нақты нәтижелерге қол жеткізуге кедергі келтіреді.
67 млрд теңгенің жобалары орындалмаған
2025-2027 жылдарға арналған ғылымды дамыту бағдарламасында жеті басым бағыт пен 153 зерттеу бағыты белгіленген. Алайда Жоғары аудиторлық палата мұндай ауқымды тізім жағдайында кез келген зерттеуді басым бағытқа жатқызуға болатынын атап өтті.
Ғылыми тапсырмалар көбіне жалпылама сипатта берілген. Оларда нақты нәтиже, жұмысты бағалау критерийлері мен зерттеу қорытындыларын өндіріске енгізу тәсілдері көрсетілмеген.
2023-2025 жылдары берілген 393 тапсырманың 149-ы орындалмаған. Олардың жалпы құны – 67 млрд теңге.
Тағы бір мәселе – қаржыландыру тәртібі. Нақты шығындары егжей-тегжейлі көрсетілмеген 79 жобаға 62 млрд теңге бөлінген.
«Тіпті қорытынды есеп қабылданбаған жағдайда да, негізгі қаражат орындаушының иелігінде қалады. Қорытынды бағалау аяқталғанға дейін жоба құнының 96-98%-ы төленеді», – делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.
Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, құны 16 млрд теңге болатын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілмеген.
2025 жылы жүргізілген мониторинг 2 мыңнан астам жобаны қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға заңбұзушылықтарды анықтаған. Алайда Смайыловтың сөзінше, ұлттық ғылыми кеңестер көбіне анықталған мәселелерді назарға алумен ғана шектелген.
Ғылыми жобаларды іріктеу кешіктіріліп, сарапшылар арасында мүдделер қақтығысы болған
2025 жылғы ғылыми конкурстар белгіленген мерзімнен 208 күнге дейін кеш жарияланған. Бұл зерттеу жұмыстарының бүкіл кезеңіне әсер еткен. Ал сараптамалық материалдарды ғылыми кеңестерге тапсыру 93 күнге дейін кешіккен.
Сонымен қатар 545 жоба бойынша экономикалық сараптама ұсынған қаржыландыру көлемін шамамен 12 млрд теңгеге қысқарту жөніндегі ұсыныстар ескерілмеген.
Аудит барысында мүдделер қақтығысының тәуекелдері де анықталған. Ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы құны 52 млрд теңге болатын 127 жобаның зерттеу топтарының құрамына кірген. Оның ішінде 27 адам ғылыми жобалардың жетекшісі болған.
Патенттер бар, бірақ оларды пайдалану келісімдері жоқ
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ғылыми жобалардың нәтижесі көбіне формалды көрсеткіштер арқылы бағаланатынын айтты. Олардың қатарында ғылыми жарияланымдар, зияткерлік меншік құжаттары мен әзірлемелерді өндіріске енгізу актілері бар.
Алайда мұндай құжаттардың болуы технологиялық немесе өндірістік нәтиженің нақты алынғанын білдірмейді.
Көп жағдайда ғылыми жоба есеп тапсырылғаннан кейін аяқталады. Ал зерттеу нәтижелерінің кейін қалай пайдаланылатыны қадағаланбайды. Аудит аясында тексерілген 60 патент бойынша оларды пайдалану туралы келісімдер болмаған.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру да әлсіз бағыттардың бірі болып отыр. Ғылым қорының дерегінше, бұл көрсеткіш 44%-ды құраған. Ал есепті жылдағы көрсеткішті салыстырмалы әдіспен есептегенде, небәрі 16% болған.
«Нақты нарықтық әсер де шектеулі», – деді Әлихан Смайылов.
Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерге 1% аударым жасау тетігі де толыққанды жұмыс істемей отыр. Аудиторлардың бағалауынша, міндеттемелердің орындалуы жеткілікті деңгейде бақыланбайды. Сонымен қатар түскен қаражаттың бір бөлігі ғылыми айналымнан шығарылып, депозиттерге, бағалы қағаздарға және РЕПО операцияларына бағытталған.
98 млрд теңгеге қатысты заңбұзушылықтар анықталды
Аудит қорытындысы бойынша жалпы 98 млрд теңгеге қатысты заңбұзушылықтар мен тиімсіздік анықталған. Оның ішінде:
51 млрд теңге – қаржылық заңбұзушылықтар;
47 млрд теңге – қаражатты жоспарлау мен пайдаланудағы тиімсіздік.
36 жағдай бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жолданған. Тағы үш факті бойынша құқық қорғау органдарына материалдарды беру туралы шешім қабылданған.
Жоғары аудиторлық палата Үкімет пен мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берген.
«Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың нәтижесін жүйелі түрде бақылап отырады», – деп қорытындылады Әлихан Смайылов.