Алдағы бір жылда доллар 500 теңгеге жетпейді

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бір жылдан кейін доллар бағамы 499,4 теңге болады деп күтеді. Бұған дейінгі болжам 502,6 теңге болған. Алайда желтоқсан айының басында ұлттық валюта әлсіреп, доллар 462,4 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

Қауымдастық қаржы нарығына қатысушылар арасында кезекті сауалнама жүргізген. Сарапшылардың пікірінше, қазан айында теңгенің 3% әлсіреуі және Ұлттық банктің валюта сату көлемін қысқартуы желтоқсанның басында доллар бағамын 462,4 теңгеге дейін жеткізуі мүмкін. Алдыңғы болжамда бұл көрсеткіш 456,5 теңге болған.

Ұзақ мерзімді болжам керісінше жақсарған. Қаржыгерлер бір жылдан кейін доллар бағамы 499,4 теңге болады деп күтеді. Ұлттық валютаға сауда балансының профициті, Ұлттық банк пен экспорттаушылар тарапынан валюта ұсынысының артуы қолдау көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар 2027 жылы Ұлттық қордан берілетін трансферт көлемі 2,8 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп болжанып отыр.

Мұнай бағасы мен экономикалық өсім болжамы жақсарды

Сарапшылар мұнай бағасына қатысты болжамын да көтерген. Бір жылдан кейін Brent маркалы мұнайдың бір баррелі $93,4 болады деп күтілуде. Бір ай бұрынғы болжам $79 болған.

Алдағы 12 айдағы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсімі жөніндегі болжам 4,4%-дан 4,5%-ға дейін жақсарды.

Сонымен бірге инфляцияға қатысты күтулер нашарлаған. Қаржыгерлер бір жылдан кейінгі инфляцияны 9,9% деңгейінде болжайды. Бұған дейінгі болжам 9,7% болған.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгертпеуі мүмкін

Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың басым бөлігі Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қазіргі 15,75% деңгейінде сақтайды деп есептейді. Респонденттердің тағы 35%-ы мөлшерлеме 15,50%-ға дейін төмендейді деп болжайды.

Нарық қатысушылары инфляцияның баяулау тұрақтылығын бағалау үшін базалық мөлшерлемені төмендету циклінен кейін үзіліс болуы мүмкін деп күтеді. Ал бір жылдық болжам бойынша базалық мөлшерлеме 14,5%-ға дейін төмендеуі ықтимал.

Еске салайық, бұған дейін Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) 2026 жылға арналған доллар бағамының орташа жылдық болжамын 511,5 теңгеден 475,2 теңгеге дейін жақсартқан болатын.