Автор: Жания Әбдібек
Жұмыс іздейтін сайттардан «тәжірибесіз аламыз» немесе «қосымша жұмыс» деген хабарландыруды жиі байқайтын шығарсыз. Әрине, студенттер немесе қосымша табыс іздеген жандар үшін тартымды болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл алаяқтықтың бір әдісі - дропперлік болуы мүмкін екенін бәрі түсіне бермейді. Дроппер схемасы қалай жұмыс істейді және оған қандай жаза қарастырылған? Naryk.kz редакциясы ЦентрКредит Банкімен бірге мәселені жан-жақты зерттеп көрді.
Біліп тұрып та, білмей қалып та дроппер болады
Дроппер деп алаяқтың басқа біреуден алдап-арбап алған ақшасын шығарып алу үшін қолданатын үшінші адамын, делдалды атайды. Нақтырақ айтқанда, алаяқтар оның банк есепшоты пайдаланады. Дропперлер есепшотын қолдануға кейде әдейі келісуі мүмкін, кейде білместіктен ұрынып қалады. Айланың схемасы әр түрлі болғанымен, логика бір — ақшаны шешіп алу үшін қолдану.
Алматы тұрғыны Алина (аты өзгертілді) несиеге алған 1,3 млн теңгесін дропперлердің атына өз еркімен аударып жіберген.
«Телефоныма 1414-тен хабарлама келді де, артынша біреу қоңырау шалып, код сұрады. Бұлардың алаяқ екенін бірден біле қойдым. Біраз уақыттан кейін Ұлттық банк өкілімін деп өзін таныстырған біреу хабарласып, картама шабуыл жасалғанын айтты. Қорқып кеттім. Ол нұсқаумен бір операциялар жасатып, көмектескендей болды. Соған қалай сеніп қалғанымды білмеймін, бір банктен 1,3 млн теңгеге кредит рәсімдеп жібердім. Онымен қоймай, алаяқтар бұл ақша картада тұрса, алаяқтар ұрлап алуы мүмкін деп қорқытты. Солардың сақтандырушы шотына уақытша жібере тұруды ұсынды. Гипнозға түсіп қалған сияқтымын. Бар ақшаны Асхат деген біреуге аудара салдым. Мен бұның бәрінің алаяқтық екенін түсінгенде, бәрі кеш болды. Сөйтіп, өз қолыммен бар ақшаны алаяқтың шотына аударып бердім. Оған қоса кредитке кіріп кеттім», — деп күйінеді Алина.
Бұл жерде дроппер — Асхат деген сақтандырушы шоттың иесі. Яғни алаяқтар Асхаттың банк есеп шоты арқылы Алинаның ақшасын шығарып алып отыр. Алина банк арқылы сұрастырғанда дроппердің Түркістан облысында тұратын жас жігіт екенін білген. Алайда ол жігіттің бұл схемаға өзінің қатысқанын білер-білмесі беймәлім.
Танымал екі сценарий
QazTech альянсы ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолиннің сөзінше, дроппердің танымал екі сценарийі бар. Біріншісі — алаяқтар әлеуметтік желі немесе жұмыс іздейтін сайт арқылы «оңай табыс» туралы хабарландыру тартады. Жұмыс істеуге келіскен адамның жеке шотын сұрайды. Кейде бірнеше банктен шот ашуды талап етеді. Оңай табыс деген желеумен қызықтырып, аударылған ақшаның бір бөлігін сыйақы ретінде жіберіп отыруға уәде береді.
«Кейде адам өзінің немен айналысып жүргенін толық түсінбеуі мүмкін. Алаяқтар өз пиғылын аса шеберлікпен жасыра алатыны сондай, бәрі қарапайым жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Әсіресе дроппер жастар мен студенттер арасында жиі кездеседі. Олар қылмыстық схемаға түсіп қалғанын сезбей, алданып қалуы мүмкін», — дейді киберқауіпсіздік сарапшысы.
Екінші айласы — картаға белгісіз біреуден үлкен сомада ақша түседі, жіберуші бұл қате төлем екенін айтып, оны қайтаруды немесе басқа картаға, яғни жоспарланған шотқа аударуды сұрайды. Қолайсыздық өтемі ретінде соманың бір бөлігін немесе белгілі бір соманы, мысалы 10 мың теңгені картада қалдыруды ұсынады. Бұған келіскен адам дропперге, яғни алаяқ операцияның қатысушысына айналады.
Дроппер қылмысты ашуды қиындатады
Кейде азаматтар заңсыз іс екенін біліп тұрып, сыйақы үшін банк картасын уақытша пайдалануға береді. Кейде мобильді банктің жеке кабинетіне кіруге рұқсат беруі де мүмкін. Өкінішке қарай, картасын «жалға беру» жастар арасында белең алып барады. Банкомат төңірегін торуылдап, өткен-кеткеннен ақша шешіп беруді сұрайтындар да бар.
Питолиннің айтуынша, алдымен қылмыстық жолмен алынған ақша дроппердің есепшотына түседі. Одан әрі қарай алаяқтардың нұсқауы бойынша, ақшаны шетелге немесе криптовалюта әмияндарға аударады. «Дроппердің қатысуы тергеуді қиындатады», дейді сарапшы.
«Дропперлер арқылы қылмыс жасайтындардың негізгі мақсаты — қылмыстың ізін жасыру және құқық қорғау органдарының жұмысын қиындату», — дейді Питолин.
Дроппердің 90%-ы қазақстандық емес
Қаржылық мониторинг агенттігінің 2024 жылғы мәліметі бойынша, 6,2 мың дроп-карта анықталған, оның бәрінен 24 млрд теңге қылмыстық ақша өтіпті. Бұл дроп-карталар иелерінің 90%-дан астамы Қазақстан резиденті емес болып шықты. Бас прокуратураның 2024 жылғы мәліметінше, 128 дроппер жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 2024 жылы дропперлерге қатысты 1 млрд теңгеден асатын соманы құрайтын 800 талап арызға сот шешімі шықты. 2024 жылы сот арқылы 135 дропперден негізсіз баю фактісі бойынша 210 млн теңге өндірілді.
Енді дроппер сыбайласқа айналады
Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ұмытпаған жөн. Қазіргі заңнамада дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз жоқ. Сотқа дейін жеткен алаяқтық істерде дропперлер куәгер ретінде қатысады. Егер дроппердің біліп тұрып қатысқаны дәлелденсе, онда сыбайлас ретінде қаралады.
Айта кетсек, Мәжіліс тиісті заңға өзгеріс енгізіп, дропперлік үшін жазаны күшейтпекші. Заң қабылданса:
- Өзінің банк шотын қолдануға заңсыз рұқсат берген адамдар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін;
- Біреуге заңсыз ақша шешіп берген болса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі;
- Егер дроппер біреулердің банк есепшотын заңсыз әрекеттер үшін қолданса, онда 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.
Егер де дроппер қылмысты ашуға әрекет жасаса, алғаш рет заң бұзған болса, өз еркімен мәлімдесе, онда жауапкершілік жеңілдейді.
Сізге дроппер болуды ұсынса
ЦентрКредит Банкі мамандарының сөзінше, дроппер схемасынан сақтанудың ең бірінші қағидасы — жеңіл ақшаның оңай келмейтінін есте сақтау.
«Күмәнді ұсыныстарды үнемі тексеру және кіммен жұмыс істеп жатқаныңызды тексеру өте маңызды. Кез келген керемет жұмысқа күмәнмен қарау керек. Әсіресе, көп күш жұмсамай тез табыс табуға уәде берсе, банктік аударымен байланысты қашықтан жұмыс істеуді ұсынса, онда абайлаңыз», — дейді банк мамандары.
Егер сізге біреу дроппер болуды ұсынса:
- Ешбір жағдайда ешқандай нұсқауды орындамаңыз;
- Ақша аудармаңыз, шот ашпаңыз, карталарыңыздың деректерін бермеңіз;
- Барлық хаттарды міндетті түрде сақтаңыз — скриншот жасаңыз, дәлел жинаңыз. Бірден полицияға хабарласыңыз;
- Егер сіз қандай да бір деректерді беріп қойған болсаңыз — дереу бұл туралы банкке хабарлаңыз. Сонда сіз шоттарыңызды дроппер схемасынан қорғай аласыз.