Ұлттық банк дерегінше, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тұтынушылық несие портфелі бір айда 330 млрд теңгеге өсіп, 15,98 трлн теңгеге жетті. Бұл – кейінгі екі жылдағы орташа айлық өсімге сәйкес көрсеткіш.

Жылдық тұрғыда тұтынушылық қарыз көлемі 26%, яғни 3,3 трлн теңгеге артқан. Бұл азаматтардың қарызға тәуелділігі азаймай отырғанын көрсетеді.

Басқа сегменттердегі өсім

Ипотекалық несие бір жылда 15,7% немесе 0,9 трлн теңгеге ұлғайып, 6,6 трлн теңгеге жетті.

Бизнеске берілген несие 24,8% өсіп, 17,1 трлн теңгені құрады. Оның ішінде Қазақстан даму банкі де бар.

Бұл сандар тұтынушылық қарыздың басқа сегменттерге қарағанда қарқынды өсіп отырғанын айқын көрсетеді.

Сарапшылар не дейді?

2023 жылдың наурызынан бері Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен Ұлттық банк халықтың қарыз жүктемесін азайту үшін түрлі шектеулер енгізіп келеді. Алайда нәтиже күткендегідей болған жоқ.

Сарапшылардың айтуынша, бұл тенденция бір жағынан банктердің тұтынушылық несие арқылы пайда табуға мүдделі болуымен, екінші жағынан халықтың табысы шығынды жаппай, қарызға жүгінуімен байланысты.