Тұрмыстық қалдықтың 26%-ы, өндірістік қалдықтың 11%-ы ғана өңделеді

Тұрмыстық қалдықтың 26%-ы, өндірістік қалдықтың 11%-ы ғана өңделеді

Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) жинауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер арнайы кәсіпорындардың шығындарын жабуды қамтамасыз етпейді. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

Республикада жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдық түзіледі, бұл ретте 2024 жылы қайта өңдеу деңгейі шамамен 26%-ды құрады, бұл жоспарланған 30%-дан төмен. Аталған мәселені шешу үшін министр мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігін енгізуді ұсынды. Осы тетік шеңберінде ТҚҚ-ға шекті, экономикалық негізделген тарифті бекіту, сондай-ақ оны әкімдіктер деңгейінде белгілеу жөніндегі құзіретті айқындау ұсынылуда. Ол бойынша қазіргі және ұсынылатын тарифтер арасындағы айырмашылықты утиль алымдары есебінен жабу жоспарланып отыр.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде утиль алымдары есебінен жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілді. Ол утиль төлемі есебінен қаржыландырылатын, төлемдер бойынша екі жылға дейінгі демалысы бар жылдық 3%-дан 15 жылға дейінгі қарыздарды қамтиды. Бүгінгі таңда Министрлік әкімдіктер ұсынған құны шамамен 317 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдады, оның 43-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған.

Министрлік жүргізген талдау өңірлерде жобаларды іске асыру және қайталама шикізатты барынша өндіру кезінде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу жөніндегі қуаттарды ұлғайту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетті.

Сонымен қатар, министр 330 млрд теңгеге өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 25 жоба іске асырылып жатқанын хабарлады.

Ол 133 млрд теңге сомасына 8 жоба енгізілгенін атап өтті. Биыл 110 млрд теңге сомасына 7 жаңа жобаны іске қосу жоспарлануда.

«Сынықтарды, пластмассаларды, шыныларды және басқа да өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша іске асырылып жатқан жобалар қалдықтарды тұрақты басқару, экологияны жақсарту және саланың экономикалық тиімділігін арттыру үшін негіз болады», — деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

«Қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін былтыр елімізде арнайы жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілген болатын. Бүгінде 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда, оларды іске асыру барысы мүлдем мардымсыз. Бүгінде 67 жоба қаралған. Соның 6-уы ғана 4 млрд теңге сомасында қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл жобаларды дайындау барысында әкімдіктердің тарапынан үйлестіру шараларының жеткіліксіз екенін білдіреді. Жобаларды іске асыру, жабдықтарды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу бойынша барынша белсенді жұмыс жүргізу керек», —  деп атап өтті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Өнеркәсіп қорымен және әкімдіктермен бірлесе, қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын күшейту тапсырылды. Үш ай мерзімде бекітілген тізімнің ішінен қаржы бөлінген жобалар санын кемінде 5 есе арттыру қажет. Бұл ретте, өңір әкімдіктері қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әрбір жобаға олар іске қосылғанша толық қолдау көрсету маңызды.

«Жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1 млрд тоннаға жуық қалдық жинақталып қалады. Оларды қайта өңдеу көлемі шамалы, небәрі 11%-ды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға жетеді. Сонымен қатар кен орындарындағы үйінділердің құрамында бағалы және сирек кездесетін металл қоспалары бар. Оларды алу үшін тиімді жаңа технологияларды қолдану қажет. Энергетика кәсіпорындарының күл үйінділері де көбейіп барады. 

Барлық қалдықтарды тиімді басқарудың айқын жүйесін жасап, оны цифрландыру қажет. Дұрыс тәсілдерді қолдану арқылы қалдықтарды жойып қана қоймай, олар өңделіп, қайтадан кәдеге жаратылуға тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Экология, Өнеркәсіп, Энергетика және Цифрландыру министрліктеріне коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару, мониторинг жасау және бақылау саласында цифрлық шешімдер әзірлеу тапсырылды.

Премьер-министр бүгінде отандық тау-кен компаниялары қалдықтарды қайта өңдеп, оның ішінде құрылыс материалдары мен тыңайтқыштар және басқа да 30-ға жуық өнім түрін шығаратын жобаларды бастағанын атап өтті.