Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізді.
Кеңесте өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Былтыр өзара сауда айналымы 5 млрд доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды. Түркиядан келетін тауар түрлерін де арттыра түсу маңызды.
Тараптар тауар айналымын ұлғайту жолында көлік-логистика саласының маңызы айрықша екенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.
Бұдан бөлек Кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика саласындағы ықпалдастық мәселесіне тоқталды. Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесін талқылады.
Мемлекет басшысы түрік компанияларын энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға қатысуға шақырды. Әсіресе «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі болатынына сенім білдірді.