Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының аналитикалық орталығы 2025 жылдың 9 айындағы елдегі автонесиелеу нарығына шолу ұсынды.
Негізгі көрсеткіштер
Биылғы жылдың 9 айында автонесиеге өтінімдер саны 48% өсті — бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен шамалас (+50% ж/ж).
Мұндай жоғары сұраныс автосегменттің несиелеу шарттарының жақсаруына ең сезімтал сегменттердің бірі болып қалуына байланысты. Банктер мен автодилерлер акциялық өнімдерді белсенді түрде ұсынып, бағдарламалар желісін кеңейтуде. Ал қарыз алушылар үшін автомобиль көлік құралы ғана емес, ақша табу құралына (жеткізу қызметтерінде, таксиде және шағын бизнесте жұмыс істеу үшін) айналуда. Бұл жүйедегі жалпы қаржылық жағдайлардың қатаңдауына қарамастан, тұрақты сұранысты қалыптастырады.
Өтінімдердің жоғары ағыны нақты берілген несие көлеміне тікелей әсер етті: автонесиелеу бөлшек несиелеудің барлық сегменттері арасында жаңа несиелер беру өсімі бойынша көшбасшы болды, бір жыл бұрынғы 35%-ға қарсы 47%-ға дейін жеделдеді.
Берілген несие көлемінің өсуі құрылымдық және қысқа мерзімді факторлардың үйлесімімен қолдау тапты: өнім желісінің кеңеюі, белсенді маркетингтік акциялар, акциялық мөлшерлемелер, төлем қабілеттілігі бар сұраныстың артуы (мақұлдау үлесі өсті) және борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) есептеудегі жеңілдіктер, бұл клиенттердің бір бөлігі үшін қарыз қаражатына қолжетімділікті жеңілдетті. Осыған байланысты, несиеге сатып алынған автомобильдердің үлесі екі есеге жуық, 38%-дан 66%-ға дейін өсті.
Сонымен қатар автонесиелер бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме жылдың бірінші жартысында белсенді түрде төмендегенімен, кейін жекелеген маркетингтік акциялардың аяқталуына, қаржыландыру құнының өсуіне және жүйедегі жалпы мөлшерлемелердің көтерілуіне байланысты жыл басындағы деңгейлерге тез орала бастады.
Бағалау және тәуекел
Өтінімдер бойынша мақұлдау үлесі жақсарды – жалақының өсуі (+11,3%) және жұмыспен қамтудың артуы (+103 мың) әсерінен 16,5%-дан 17,5%-ға дейін, бұл қарыз алушылардың бір бөлігінің төлем қабілеттілігін жақсартып, банктердің скорингтік талаптарына сәйкестігін арттырды.
Алайда, бұл көрсеткіш әлі де бөлшек несиелеу бойынша орташа деңгейден (27,1%) айтарлықтай төмен. Бұл автосегменттегі қатаң іріктеу критерийлерімен түсіндірілуі мүмкін: қарыз сомасының көптігі, ұзақ мерзімдер, ақша-кредит саясатының қатаңдауы жағдайында консервативті тәуекел-тәбеттің сақталуы.
Автонесиелер бойынша мерзімі өткен берешектің үлесі (3,3%) бөлшек несиелеу бойынша орташа деңгейден (4,0%) төмен. Бұл автосегменттегі қарыз алушылардың сапасының жоғары екенін және өнімнің кепілдік сипатының қарызды өтеуді тәртіпке келтіріп, дефолт ықтималдығын төмендететінін көрсетеді.
Өндіріс факторлары
Автонесиелеуге қосымша қолдауды өндіріс факторы көрсетті. Елдегі автомобиль шығару 2025 жылдың 9 айында 106,7 мың бірлікке дейін артты (2024 жылдың 9 айында 91,0 мың). Нәтижесінде, тіркелген машиналардың жалпы санындағы ҚР-да өндірілген автокөліктердің үлесі бұрынғы 6%-дан 11%-ға дейін өсті
Дегенмен, нарық циклдік өзгеріс кезеңіне жақындап келеді, бұл қарыз құны мен берілген несие көлемінде көрініс тапты. Ағымдағы жылдың IV тоқсанында ақша-кредит саясатының қатаңдауы, жаңа реттеуші шектеулердің енгізілуі, сондай-ақ жекелеген санаттағы автокөліктерді (электромобильдер) жеңілдікпен әкелудің сарқылуына байланысты автонесиелерге сұраныстың баяулауы күтіледі.
Қорытынды
Автонесиелеу 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бірден барлық негізгі көрсеткіштер бойынша екі таңбалы өсімді көрсетті: автонесиеге өтінімдер 48%, жаңа несие беру көлемі 47%, портфель 35% өсті. Барлық негізгі көрсеткіштегі мұндай синхронды динамика автонесиелеуді бөлшек қарыздардың ең жылдам өсетін сегменті мәртебесімен бекітті.
Осы жағдайда оның халыққа жаңа берілген несиелер құрылымындағы үлес салмағы 9,5%-дан 12,4%-ға, ал бөлшек қарыздар портфеліндегі үлесі 13,7%-дан 15,9%-ға дейін өсті. Бұл жеке және бизнес мақсаттар үшін автокөлікке деген жоғары сұранысты да, жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында қарыз алушылар үшін қолжетімді, ал банктер үшін тәуекелі аз болып қалатын кепілмен қамтамасыз етілген өнімдерге қарай жалпы бөлшек нарықтағы құрылымдық ауысуды да көрсетеді.
Алайда, тамыз-қыркүйек айларында алғашқы бәсеңдеу белгілері пайда болды: қаржыландырудың қымбаттауы және маркетингтік бағдарламалардың аяқталуына байланысты автонесиелер бойынша мөлшерлемелер өсе бастады (350–410 б.т.), ал жаңа берілген несиелердің қарқыны төмендеді (14–17%). Бұл сегменттің жергілікті шыңына жеткендігінің алғашқы белгілері және одан әрі динамика енді ынталандырушы факторлармен емес, ақша-несие және макропруденциялық саясаттар тарапынан қойылған шектеулермен анықталуы мүмкін.
IV тоқсанда сұраныстың төмендеуі күтіледі: базалық мөлшерлеменің өсуі және реттеуші талаптардың қатаңдауы сұранысты тежейді және банктердің қарыз алушыларға қоятын талаптарын күшейтеді. Осы жағдайда автонесиелеу өсуді жалғастыруы мүмкін, бірақ жедел кеңею кезеңінен кейін бірқалыпты өсу фазасына өтіп, анағұрлым баяу қарқынмен жүреді. Бұл сегменттегі қосымша бәсеңдеу жаңа автолизинг бағдарламасы аясында тұтынушылық сұраныстың бір бөлігін қанағаттандыру есебінен байқалуы мүмкін.