Алматыда төлем қабылдау саласының 500-ден астам кәсіпкерлері қатысуымен пресс-конференция өтті. Олар Бірыңғай есепке алу жүйесін (БЕАЖ/ЕСУ) енгізуге байланысты салада қалыптасқан күрделі жағдай туралы мәлімдеді.

Қазіргі таңда букмекерлік компаниялардың пайдасына төлемдерді жерүсті арналар арқылы, оның ішінде төлем терминалдары мен жүйелері (Qiwi, Касса24 және басқалары) арқылы қабылдау іс жүзінде тоқтатылған. Сегмент жұмыс істемей тұр, қалпына келтіру мерзімдері белгіленбеген және нарық қатысушылары үшін ресми түсіндірмелер берілмеген.

Сала өкілдерінің бағалауынша, Қазақстанда шамамен 25 мың төлем терминалы жұмыс істейді. 15 жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан бұл инфрақұрылым тіпті шағын елді мекендерде де қаржылық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етіп, жыл сайын шағын және орта бизнеске 4–6 млрд теңге көлемінде жалдау төлемдерін әкеліп отыр.

Сарапшылардың айтуынша БЕАЖ енгізілгенге дейін, букмекерлік компаниялар пайдасы төлем қабылдау терминал бизнесінің көп бөлігін құраған. Осы сегменттің күрт тоқтауы табыстың сыни деңгейге төмендеп, жалдау ақысын, операциялық және қызмет көрсету сияқты негізгі шығындарды жабудың мүмкін болмауына алып келді. 

Салдар тек осы саланың шеңберімен шектелмейді. Ел бойынша шамамен 25 мың сауда нүктесі терминалдарды орналастырудан түсетін—бір орынға орта есеппен айына 10–15 мың теңге құарйтын тұрақты табыстан айырылды. Шағын бизнес үшін бұл қосымша табыс емес, коммуналдық қызметтерді төлеуге, жалақы беруге және нүктелердің жұмысын қолдауға жұмсалатын қаражат еді.

Өндірістік сектор да айтарлықтай қысымға ұшырауда. Төлем терминалдарын өндірумен айналысатын кәсіпорындар тапсырыстардың толық тоқтауына тап болды. Бірнеше айға алдын ала сатып алынған материалдар — металл, құрамдас бөлшектер, электроника — пайдаланылмай қалды. Салалық компаниялар жаңа құрылғыларды өндірумен қатар, қолданыстағы терминалдарды жөндеу, қалпына келтіру және жаңарту жұмыстарын да жүзеге асырады, алайда жүктеменің болмауы мен нарықтағы жағдай бұл бағытқа да қауіп төндіруде.

Қазіргі жағдайда:

  • кәсіпкерлер елеулі шығынға ұшырауда;
  • жұмыс орындарынан айырылу қаупі жоғары;
  • 15 жылдан астам уақыт қалыптасқан инфрақұрылымның бір бөлігі тоқтап қалу қаупіне ие.

Нарық қатысушылары, саланы реттеу мен ашықтықты арттыру, сондай-ақ қаржы ағындарын спортты дамытуға бағыттау жөніндегі мемлекеттің мақсаттарын қолдайтынын атап өтті. 

Бірақ, реттеу енгізілгенімен, жүйенің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылым мен механизмдер әлі қамтамасыз етілмеген.

 «БЕАЖ енгізілгеннен кейін Qiwi және Касса24 сияқты жүйелер мен терминалдар арқылы төлем қабылдау мүмкіндігі тоқтатылды. Бұл нарық айналымының көп бөлігін құрайтын. Қазіргі таңда кәсіпкерлер тіпті жалдау ақысын жаба алмай отыр, ал табыс сыни деңгейге дейін төмендеді. Мыңдаған нүктелер үшін бұл коммуналдық төлемдерге, жалақыға және жай ғана жұмысын сақтап қалуға арналған қаражат еді — қазір бұл ресурс жоқ», — дейді «Almaty Enterprising Company LTD» ЖШС сату жөніндегі директоры Константин Шакуля.

«Біз терминалдар өндірісін толық тоқтаттық, алайда қуатымыз айына 300 құрылғы шығаруға мүмкіндік беретін. Алты айға алдын ала сатып алынған материалдар мен құрамдас бөлшектер сұраныссыз қалды, ал қызметкерлердің бір бөлігі жалақысыз демалысқа жіберілді. Біз өндірістен бөлек, терминалдарды жөндеу және қалпына келтірумен де айналысамыз, бірақ тапсырыстардың болмауы мен мерзімдердің белгісіздігі салдарынан нарық іс жүзінде тоқтап тұр», — дейді Metal men компаниясының коммерциялық директоры Дмитрий Трубин.

Осыған байланысты сала өкілдері мына шараларды ұсынады:

  • төлем жүйелері мен терминалдарды БЕАЖ-ға қосуды жеделдету;
  • енгізу процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету;
  • жүйенің ағымдағы мәртебесі мен іске қосылу мерзімдерін ресми түрде түсіндіру;
  • өтпелі кезеңде бизнестің жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беретін уақытша шешімдерді қарастыру.

Бұған дейін мемлекет басшысы атап өткендей, шағын және орта бизнес ел экономикасының тұрақты негізі болып қалуы тиіс. Осыған байланысты сала өкілдері қолданыстағы инфрақұрылымды сақтаудың және адал кәсіпкерлерді қолдаудың маңызын ерекше атап өтеді.