Ұлттық банк доллардың арзандауының бірнеше себебін атады.

1.⁠ ⁠АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету циклі жаһандық доллар индексінің 8,3% әлсіреуіне және жыл басынан бері дамушы нарықтардағы валюталар индексінің 8,3% нығаюына ықпал етті. Осы жағдайлардың аясында дамушы елдердің активтеріне, соның ішінде Қазақстан нарығына деген халықаралық инвесторлардың қызығушылығы жоғары деңгейде сақталып қалды.

2.⁠ ⁠⁠Қазан айының басынан бері қараша айының соңына дейінгі кезеңде бейрезиденттердің ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) салған портфельдік инвестициясы 1,1 млрд АҚШ долларына ұлғайып, тарихи максимум 3,6 млрд АҚШ долларына жетті. Жыл басынан бері өсім 1,5 млрд АҚШ доллары болды. Бұл Қаржы министрлігінің қарыз алу құнын 1 пайыздық тармақтан аса төмендетуге ықпал етті: желтоқсан айында 9 жылдық МБҚ 16,1%-бен орналастырылды (қазанда – 17,2%).

3.⁠ ⁠Шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасын сатуды көбейтуі теңгенің нығаюына тікелей фактор болды. Сыртқы қолайлы ахуал да қосымша қолдау көрсетті.

4.⁠ ⁠Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асырып отыр. Аталған бағдарлама сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоюға, бюджет шығыны тиімділігін арттыруға, микро- және макропруденциалды реттеу шараларын іске асыруға, халықтың нақты табысын өсіруге және инфляцияны төмендету мен тұрақтандыру арқылы орнықты экономикалық өсімге жағдай жасауға бағытталған. Бұл да инфляцияны басып, теңгені нығайтуға көмектесті.