Қазақстандықтар тамыз айында зейнетақы жинақтарын пайдалануда биылғы ең жоғары көрсеткішті тіркеді. Еңбек нарығындағы жалақы өсімі мен тұрғын үй бағасының қымбаттауы азаматтарды жинақтарын мерзімінен бұрын шешіп алуға итермелеп отыр.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, тек тамыз айында 104,3 мың өтініш қанағаттандырылып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға 60,9 млрд теңге бағытталды. Бұл көрсеткіш шілдемен салыстырғанда 8% артық және жыл басынан бергі ең жоғары көлем болып отыр.
2025 жылдың бірінші жартысында ай сайынғы орташа өтініш саны 61 мың ғана болған. Яғни, тамыздағы көрсеткіш содан әлдеқайда жоғары болып тұр.
Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану көрсеткіші де күрт өсті. Тамызда 72,4 мың өтініш түсіп, азаматтар 59,8 млрд теңгені медицина саласына жұмсаған. Бұл бір ай ішінде 15% өсім деген сөз.
Сарапшылар мұны екі фактормен байланыстырады: сәуірден бастап талаптардың күшеюі; балалардың еміне зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі.