Су үнемдеу үшін мақта мен күріш егістігі қысқартылады

Су үнемдеу үшін мақта мен күріш егістігі қысқартылады

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климаттық орталығынан алынған деректерге сәйкес, 2025 жылғы мамыр-шілде айларында гидрологиялық құрғақшылықтың туындау ықтималдығы жоғары деп болжамдалуда. Бұл жағдай аграрлық секторда, әсіресе Жайық және Сырдария өзендері бассейндерінде елеулі қиындықтар тудыруы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

Осыған байланысты, өңірлік әкімдіктерге Ауыл шаруашылығы министрлігімен, бассейндік инспекциялармен және Қазсушардың филиалдарымен бірлесіп, су тапшылығының ықтимал салдарын азайтуға бағытталған жедел шаралар кешенін пысықтау қажет.

Біріншіден. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмысты жандандыру қажет.

Бұл ретте, шаруаларды ынталандыру және су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру үшін негіз қаланған. Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп Инвестициялық субсидиялау және суармалы суды беру қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.

Осыған байланысты, «Қазсушар» филиалдарына шаруа қожалықтарымен су пайдалану шарттарын бірінші кезекте су үнемдеуші технологияларды енгізген шаруашылықтармен жасасуды ұсынамыз. Қалған шаруашылықтармен – су ресурстарының қалдығына қарай және су үнемдейтін әдістерге көшу міндетті шартымен келісімдер жасалуы тиіс.

Екіншіден. Суды көп талап ететін дақылдар егісін шектеу.

Ылғалды талап ететін дақылдарды қысқарту Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының басымдықтарына тікелей сәйкес келеді, соған сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын әртараптандыру көзделген.

Индикативтік көрсеткіштерге сәйкес, 2025 жылға қарай күріш пен мақта егіс алқаптары кемінде 41 мың гектарға қысқартылуы тиіс. Оның ішінде күріш бойынша – 10 мың гектарға, нақтырақ айтқанда: Қызылорда облысында – 89 мың гектардан 80,9 мың гектарға дейін, Түркістан облысында – 3,2 мыңнан 2,8 мың гектарға дейін, Алматы және Жетісу облыстарында – 8 мыңнан 6,5 мың гектарға дейін. Сондай-ақ Түркістан облысында дәстүрлі әдіспен суарылатын мақта алқаптарын 31 мың гектарға қысқарту жоспарлануда.

Үшіншіден. Жоғарыды атап өткендей, биылғы вегетациялық кезеңде белгілі бір қатерлер болуы ықтимал.

Су тапшылығының салдарларын айқын көрсететін мысалдардың бірі – Жамбыл облысындағы Бүркітті су қоймасының жағдайы. Қазіргі уақытта оның толу деңгейі жобалық сыйымдылығының 27%-ын ғана құрап отыр.

Осыған байланысты, осы су көзін пайдаланатын егіс алқаптарының көлемін шектеу ұсынылады.

Түркістан облысындағы Бөген су қоймасына да ерекше назар аударылуда. Мұнда су ресурстары шектеулі жағдайда тік дренажды ұңғымаларды және сорғы техникаларын қолдану қажет.

Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігімен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп диқандар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуі, сондай-ақ суару жүйесінде тік дренажды кеңінен қолдануды қамтамасыз етіп, ирригациялық инфрақұрылымы жоқ аудандарда сорғы техникасын дайындауы қажет.

Су ресурстары және ирригация министрлігі заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында су пайдалануды бақылауды және «судың қара нарығына» қарсы күресті күшейтеді.

Еліміздің басқа бассейндерінде (Ертіс, Есіл, Тобыл-Торғай, Нұра-Сарысу, Жайық-Каспий) суаруға қажетті су тұтыну 2%-дан аспайды. Бұл бассейндерде су тапшылығы болжанбайды деп күтілуде.

Жалпы вегетациялық кезеңді қауіпсіз өткізу мақсатында Қазсушар филиалдары 627 шақырым ирригациялық каналды механикалық тәсілмен тазалап, 488 гидротехникалық құрылысжайға жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биыл жалпы 517 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2 мың шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық (1 147,7 км).

Осы мақсатта, 2025 жылы Министрлік қаржылық лизинг аясында жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 757 бірлік арнайы техниканы сатып алуды бастады. Қазіргі уақытта 303 бірлік техника жеткізіліп, олар каналдарды механикалық тазарту және гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарына белсенді түрде пайдаланылуда.