Шетелдіктер шикізаттан гөрі сауда, өңдеу, қаржыға инвестицияны көбейтті

Шетелдіктер шикізаттан гөрі сауда, өңдеу, қаржыға инвестицияны көбейтті

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов шетелдік инвесторлардың Қазақстандағы инвестициялық басымдықтары қалай өзгеріп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан экономикасы 10-15 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда әртараптандырылған. Бұрын шетелдік инвесторлардың басты назары тау-кен және мұнай-газ салаларына аударылса, қазір оларды сауда, өңдеу өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру секторлары көбірек қызықтырады.

Атап айтқанда, көтерме және бөлшек сауда саласы ең көп инвестиция тартып, көлемі 4,8 млрд АҚШ долларына жетті. Екінші орында өңдеу өнеркәсібі – 4,4 млрд доллар, ал үшінші орында қаржы және сақтандыру қызметі – 4,3 млрд доллар. Сондай-ақ инвесторлар ақпарат және байланыс саласына (1,4 млрд доллар), көлік және қоймалау секторына (977 млн доллар) қызығушылық танытып отыр.

«Мысалы, 2010 жылы мұнай өндіру саласының ЖІӨ-дегі үлесі 16,5% болған. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8,1%-ға дейін төмендеді. Тікелей шетелдік инвестициялар да осы үрдісті қайталайды: әртараптандыру инвесторлар тарапынан да байқалады», – деді вице-министр.

Қазақстанға инвестиция құятын ірі үш елдің қатарына Нидерланд, Ресей және Қытай кіреді.

2026 жылдың алғашқы төрт айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4,9 трлн теңгеге жетті.

Арман Қасеновтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы көлемі 20,5 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 14,4% өсті.

2025 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасы 6,5% өсті. Оның ішінде нақты сектордың өсімі 8,7%, қызмет көрсету саласының өсімі 5,2% болды. Экономикалық өсімге көлік, құрылыс, сауда, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы салалары негізгі үлес қосты.