Шетелдік инвесторлар Қазақстанға салған қаржысын қайтарып алып жатыр

Шетелдік инвесторлар Қазақстанға салған қаржысын қайтарып алып жатыр

31 наурызда Ұлттық Банк 2024 жылғы ҚР төлем балансының түпкілікті бағасын жариялады. Шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 2023 жылы 24,0 млрд доллар болса, 2024 жылы 17,2 млрд долларға жеткен, яғни 6,8 млрд долларға төмендеді. Өңдеу (2,5 млрд долларға) және тау-кен (2,1 млрд долларға) өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) ағынының төмендегенін атап өткен жөн. Сондай-ақ құрылыс, жылжымайтын мүлік операциялары, қаржы мен сақтандыру салаларында шетелдік инвестиция ағынының төмендегені байқалады. Алайда геологиялық барлау және іздестіру жүргізу жөніндегі қызметке инвестиция ағынында серпіліс байқалды. Бұл 2016 жылдан берігі ең жақсы көрсеткіш.

Төлем балансы туралы мәліметке сүйенсек, 2024 жылы алғаш рет 2,5 млрд доллар мөлшерінде шетелдік инвестициялардың теріс таза ағыны байқалған, бұл 96% қарыз құралдарының ағыны нәтижесі екені анық.

Осы орайда, шетелдік инвестицияның не себепті құлдырағанын «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ былай түсіндіреді.

«Біріншіден, қазақстандық тікелей инвестициялау кәсіпорындарының шетелдік тікелей инвесторлар алдындағы таза міндеттемелері азайды, яғни 2024 жылы жаңа қарыз алуға қарағанда бұрынғы қарызды өтеу 0,3 млрд долларға көбірек болды. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпорындар өздерінің шетелдік инвесторларына кері инвестиция салды. Мұндай жағдай бұрын 2007, 2014-2016 және 2021 жылдары байқалған еді. Екіншіден, қазақстандық компаниялар өздерінің шетелдегі еншілес компаниялар алдындағы қарызын артығымен жапты (0,4 млрд долларға), оған қоса 2021 жылдан бері белсенді түрде несиелендіріп келеді (2024 жылы 1,0 млрд долларға)», — деп жауа берді институт.

Институт сарапшыларының мәліметінше, ТШИ-дың төмендеу динамикасы толығымен дерлік теріс қайта инвестицияланған кірістерке байланысты деуге болады (2023 жылғы +6,8 млрд болса, 2024 жылы -0,2 млрд), яғни 2024 жылы (II-IV) шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына қайта инвестициялайтындай пайдасы болмады (2015 жылы да осындай жағдай болған). Былтыр мұнайдың орташа бағасының бір баррель үшін 81,7 доллардан 78,9 долларға дейін, яғни 3,5% төмендеуі де маңызды рөл атқарды.

«Жалпы ТШИ-ның негізгі компоненті – Қазақстандағы еншілес компанияларға тікелей инвесторлар берген несиелер бойынша жағдай тұрақты (ағын 2023 жылғы 15,1 млрд доллармен салыстырғанжа 14,5 млрд доллар). Үшінші компонент бойынша – шетелдік тікелей инвесторлардың қазақстандық кәсіпорындардың капиталына араласуы 2016 жылдан бастап ең жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді (+2,9 млрд доллар)», — делінген.

Институттың мәліметінше, шетелдік инвестор-бас компаниялар қазақстандық бөлімшелер есебінен үшінші елдердегі еншілес компанияларына несие беру туралы шешім қабылдады деген қорытынды жасауға болады. Онымен қоса олар қазақстандық компаниялардың капиталына араласуын қыспай кеңейтіп жатыр. Бұл тренд Қазақстанның сыртқы борышының негізгі құрамдас бөлігі саналатын фирмааралық берешек статистикасымен корреляцияланады. 2016 жылғы 104,7 млрд доллардан ол 2024 жылғы 91,1 млрд долларға дейін төмендеді (өткен жылы 1,8 млрд долларға). Осылайша, жалпы ТШИ ағынының төмендеуі жанама түрде қазақстандық кәсіпорындардың борыштық жүктемесінің төмендеуіне, қаржылық сауықтыруға және шетелде инвестициялау мүмкіндіктерінің өсуіне әкеледі.

Елдік бөліністе Ресей Қазақстанға инвестицияларды 3,0-ден 4,0 млрд жалпы ТШИ-ға дейін ұлғайтты. Алайда тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны бойынша динамика – неғұрлым мазмұнды көрсеткіш – 2024 жылы 0,3 млрд АҚШ долларына азайғанын көрсетеді. Дегенмен, инвестициялардың жиынтық ағыны бойынша (20 млрд доллар) Ресей Ұлыбритания мен Қытай сияқты алпауыт инвесторлардан озып, Қазақстанның басты инвесторларының үштігіне кіреді. Ал 2024 жылы Ресей Федерациясы Нидерланды (3,8 млрд доллар), Корея, Бельгия және Қытайды (1 млрд доллардан астам) айналып өтті.