2022 жылдан бері Қазақстанда 13,5 млн гектардан астам пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда олардың тек 6 млн гектары ғана жаңа пайдаланушыларға берілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш жеткіліксіз, сондықтан әкімдерге 2026 жылдың ортасына дейін 7,5 млн гектар жерді айналымға енгізу тапсырылды. Тоқаев бұл қадам мал шаруашылығындағы басты мәселе – жайылым тапшылығын да азайтуға көмектесетінін атап өтті.
«Бос жатқан жерлер өндіріс, инвестиция және жаңа жұмыс орындарының орталығына айналуы тиіс», – деді ол.
Тоқаевтың айтуынша, жер қатынастарында әлі де бюрократия мен жемқорлық тәуекелі бар. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерін бөлу электронды форматта, ашық конкурс арқылы жүргізілуге тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуі керек.
Президент ауыл шаруашылығы жерін қадағалауда цифрлық технологиялардың рөлін ерекше атады. Қазірдің өзінде космомониторинг пен геоаналитика пайдаланылмай жатқан алқаптарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Енді бұл жүйеге жасанды интеллект енгізіліп, жер сапасы мен егістік құрылымын терең талдауға жол ашылмақ.
Сонымен қатар бірыңғай цифрлық жер картасы жасалып, оған кадастрлық деректер, жер қойнауын пайдалану және инфрақұрылым туралы ақпарат біріктіріледі.