2026 жылғы I тоқсанда банктер бизнес субъектілері тарапынан несиеге деген жалпы сұраныс аздап төмендегенін атап өтті.

Ірі бизнес сегментінде банктердің бір бөлігі инвестициялық жобалар бойынша кейінге қалдырылған сұраныстың бар екенін және қарыз алушылардың қазіргі экономикалық жағдайларда күту позициясын ұстанатынын алға тартты. Сонымен қатар, кейбір банктерде стратегиялық жобаларды қаржыландыруға арналған сұраныс көлемі айтарлықтай өскені байқалады. Ол жалпы сандық көрсеткіштерге де әсер етті. Осылайша, ірі бизнес субъектілерінің несие өтінімінің саны бір тоқсанда 16% өсіп, 238-ге жетті, ал олардың орташа мөлшері 80% өсіп, 18,8 млрд теңге болды. 

Орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің сұранысы біршама төмендеді. Банктердің мәліметінше, ол бұрын бөлінген мемлекеттік қолдау қаражатын игеру мен жыл басындағы маусымдық факторлармен байланысты. Банктер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ пен «Өрлеу» қорландыру бағдарламасының шарттарына ұсынылған өзгерістерді талқылап жатыр. Жаңа Салық кодексі аясында кейбір жеке кәсіпкерлердің өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына ауысу ықтималдығына қатысты банктер бұл өзгерістердің несиелік белсенділікке қалай әсер ететінін бағалау үшін әлі де уақыт қажет екенін айтады. Кейбір банктердің цифрлық онлайн өнімдері есебінен орта бизнес сегментінде өтінім саны бір тоқсанда 5% өсіп, 5,0 мың болды. Өтінімдердің орташа мөлшері бір тоқсанда 15% өсті – 902 млн теңге. Шағын бизнес сегментінде өтінім саны 5% төмендеп, 912 мың болды. Ал олардың орташа мөлшері 11% қысқарып, 24,8 млн теңге деңгейінде қалыптасты.

Ірі бизнес сегментінде несиені мақұлдау үлесі 10 п.т. төмендеп, 55%-ға жетті. Бұл, негізінен, тоқсан соңында түскен және әлі қаралып жатқан өтінімдер санының көп болуына байланысты. Орта және шағын бизнес сегменттерінде мақұлдау үлесі сәйкесінше 4 п.п. және 2 п.п. төмендеп, 37% және 34% болды.

2026 жылғы II тоқсанда банктер іскерлік белсенділіктің өсуіне байланысты ірі бизнес субъектілері тарапынан сұраныс артады деп күтеді.