Сенат «Банктер және банк қызметі туралы» заңды Мәжіліске кері қайтарды. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Ол депутаттар заңның кейбір баптарын мақұлдамағанын және оларды жаңа редакцияда қарауды ұсынғанын айтты. Салыстырмалы кестеде 16 түзету көрсетілген.
«Заңның жекелеген баптары мақұлданған жоқ, сондықтан құжат аталған баптардың жаңа редакциясымен бірге Мәжіліске қайтарылады», — деді Әшімбаев.
Сенат депутаттары банктер туралы заңды бірінші оқылымда қарады. Талқылау кезінде депутат Амангелді Нұғманов банктерге тым қатаң талаптар қою несие алу мүмкіндігін қиындатып жіберуі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар реттеуді шамадан тыс қатаңдату несие ресурстарының қолжетімділігін төмендетіп, инвестициялық белсенділіктің әлсіреуіне және экономиканың нақты секторына қаржы ағынының азаюына әкеп соғуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Депутаттың сөзінше, маңызды мәселелер бойынша сарапшылар мен мемлекеттік органдардан нақты жауап алынбаған. Сондықтан банктерге бақылауды күшейту олардың тұрақты жұмысына және жалпы экономиканың дамуына кедергі келтірмеуі үшін заңды пысықтау қажет.
«Алдағы уақытта аталған заңнамалық нормаларды жетілдіру қажет деп санаймын. Нәтижесінде мемлекеттік реттеу тек қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың даму қарқынын сақтауға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және қаржы секторына деген сенімді нығайтуға бағытталуға тиіс», — деп түсіндірді Нұғманов.